Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында «Студенттік фестиваль» болып өтті...

21 қазан, 2009

ҚазҰУ-дың 75 жылдық мерейтойының аясында Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайына қарай ағылған жастарды көру үйреншікті іс болып кетті. Соның дәлеліндей, күні кеше тағы да бір ауқымды іс-шара «Студенттік фестиваль» өткен болатын.

Студенттер Сенатының бір кісідей ат салысып ұйымдастырған фестивалі Тіл және тәрбие жөніндегі проректор Жаманбалаева Шолпан Ерболқызының құттықтау сөзінен бастау алды. Көңілімізге ерекше рух бітіріп, бір сергітіп тастаған сөздерден кейін, еліміздің танымал эстрада жұлдыздары «Жігіттер» квартетінің «Мереке» атты әні, расында да, барлығымызға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Жастарды құттықтауға арнайы келген қонағымыз «Азиада-2011»-дің ұйымдастыру дирекциясының директор орынбасары Есаманов Мұрат мырзаның сөзінен соң, қазақтың көгіне күй әуелеткен жас жұлдыз Мұрагер Сауранбаевтің өнеріне тәнті болдық.

Кешті жүргізуді өз мойнына алған көңілді тапқыштар клубының мүшелері фестивальдің әзілмен әрін келтіріп, жұртты күлкіге бір кенелтті! Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, әр факультеттің реттік номерлерінің осындай болуының өзінде терең мән-мағына жатыр. Байқағанымыздай, факультеттер оқу ордамыздың құрамында ашылу мерізіміне қарай орналастырылған екен.

Сәйкесінше, фестиваль шымылдығын алғаш құрылған биология факультеті ашты. Қойылым арқылы Қазақстандағы экологиялық проблемаларды шешу, сирек жануарлар мен өсімдіктерді қорғау парызымыз екендігін көрсете білді. Артынша жаңа заман талабына сай, ғылыми-техникалық революцияның жетістігі ретінде физика факультеті білімгерлерінің роботтар сынды би көрсетуі ерекше әсер қалдырды. Дәлдік пен дәлелдеуді ұнататын механика және математика факультетінің студенттері көріністерін механикалық би қимылдарымен бастағанымен, әсем әнді әуелетіп, өздерін жаңаша бір қырынан таныта білді. Қытай, Корея, Пәкістан, Ауғанстан, Испания, Сауд Арабиясы, Франция, Түркия, Латвия сияқты әлем елдерінің өкілдерінен құралған дайындық факультетінің студенттері ана тілдерінде қарт ҚазҰУ-ды мерейтойымен құттықтап шықты. Сыйлық ретінде сапалық реакцияны тарту еткен химия факультеті қышқыл мен сілті молекулаларының өзара әсерлесіп, бейтараптануын бейнеледі. ҚазҰУ-дың ұлттық арнасынан жедел түсірілім жүргізген журналистика факультетінің студенттері жүрекжарды лебіздерін өлең жолдарымен жеткізді. Қашан да адами құндылықтарға жақын жүретін филология факультетінің білімгерлері, бұл жолы да, жүрек жылытар ғашықтық оқиғасын сөз құдіретімен жеткізе білді. Көпшілік қауымға глобусты басты белгілері ретінде көрсеткен география факультеті осы саладағы студенттердің өмірінен көрініс қойды. ҚазҰУ патшалығындағы философия және саясаттану хандығы жаңаша бір ертегі желісімен жүріп, сахна төріне бірліктің нышаны ретінде шаңырақты алып шықты. «Өткеніңді білмей, болашақты болжау мүмкін емес» дегендей, тарих факультеті, күткеніміздей-ақ, ҚазҰУ-дың құрылу тарихын қойылым арқылы бейнеледі. Саны жағынан басым түсетін экономика және бизнес факультеті сапасы жағынан да осал емес екенін байқатып, өнердің сан түрінің де өздерінен табылатынын дәлелдеп өтті. Әділеттілікке ант еткен заң факультетінің жастары заңгерлердің қызметінен хабар беретін сот процесін өткізді. Атына заты сай шығыстану факультеті корея, жапон, үнді, араб, қытай тілдерін үйлестіретінін паш етіп, шығыс мәнерінде өнер көрсетті. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» демекші, факультеттер арасындағы фестивальда халықаралық қатынастар факультеті сахнаға соңғы шықты. Әйтсе де, жаңашыл жастар биімен тәнті етіп, бірнеше мемлекетпен тығыз байланыс орнатқанының дәлеліндей әр тілде амандық білдірді.

Сонымен қатар, фестиваль барысында қазақ эстрадасының «Do-major», «Жігер», Інжу сынды жарық жұлдыздары кештің сәнін келтіріп отырды.

Жастықтың жалындаған шағында өнерден өрнектеп, жырдан шашу шашатын жастарымыздың «сегіз қырлы, бір сырлы» екендіктеріне күмәніміз болмап еді. Бұл фестиваль үкілі үмітімізді ақтап, оқу ордамыздың 75 жылдық мерейтойына арналған жастардың тамаша тартуы болды!

Жидебекқызы Ақнұр