Өңірлік ЖОО оқытушыларына арналған семинар-тренинг өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасының ұйымдастыруымен тұңғыш рет өңірлік ЖОО профессор-оқытушыларына арналған халықаралық деңгейдегі семинар-тренинг өткізілді.
«Бұқаралық коммуникация саласында бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудағы қолданылатын инновациялық әдіс-тәсілдер» тақырыбымен өткізілген тренингтің мақсаты - оқытушылардың біліктілігін көтеріп, білімін шыңдау, білім берудің қазіргі заманғы технологияларын қолданудың қыр-сырын үйрету болды. Семинарға Қырғызстан Республикасы Ж. Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің, Еуразиялық инновациялық университеттің (Павлодар қ.), Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Сонымен қатар, семинар-тренингке Алматы қаласындағы бірқатар жоғары оқу орындары, атап айтқанда Абай атындағы ҚазҰПУ, Халықаралық бизнес академиясы, UIB, Абылайхан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінен оқытушылар қатысты. Семинар жұмысына Қазақстандағы кәсіби тренерлер тартылды. PR-кеңесші, PR-тренер, Қазақстандағы Sovetnik.ru порталының өкілі Павленко Владимир бұқаралық коммуникация жүйесіндегі PR, product-placement, life-placement, PR-жобалар туралы тренинг жүргізсе, «Zakon.kz» интернет-порталының бас редакторы Ержан Сүлейменов интернет-журналистиканың жаңа трендтерімен таныстырды. «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы жаңа медиа тобының жетекшісі Асхат Еркімбайдың «Жаңа медиа құралдарын журналистиканы оқытуда қолдану» тақырыбындағы тренингі семинар қатысушыларының көңілінен шықты.
ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғаммен байланыс кафедрасы философия және саясаттану факультеті жалпы және этникалық педагогика кафедрасымен бірігіп, үстіміздегі жылдың қаңтар айында мектеп мұғалімдеріне оқытудың инновациялық әдістеріне байланысты семинар өткізген болатын. Бұл жолы да аталмыш кафедраның меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы Мыңбаева Әйгерім мен педагогика ғылымдарының кандидаты Садвакасова Зухраның жоғары оқу орнындағы білім берудің инновациялық әдістері туралы мазмұнды, қызықты тренингі өңірлік ЖОО оқытушыларына пайдалы ақпараттар мен мол мағлұмат берді.
Семинар жұмысына Германиядан келген журналист, жарнама маманы Хайнц-Берндт Брюссиг қатысып, «Инновация, бизнес және масс-медиа» тақырыбында дәріс оқыса, Стамбул университетінің профессоры Айдемир Окай өзінің білім берудегі қолданатын тәжірибелерімен бөлісті. Халықаралық деңгейде тұңғыш рет өткізіліп отырған семнар-тренинг жұмысын жоғары бағалап, ризашылық танытқан Қазақстан және Қырғызстан республикаларының ЖОО оқытушылары болашақта да осындай семинар-тренинтгтер жиі өткізіліп тұрса деген тілектерін білдірді. 80 жылдық тарихы бар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті республика жоғары оқу орындары оқытушыларының тәжірибе бөлісетін, пікір алмасатын алаңына айналса нұр үстіне нұр. Әсіресе өңірлік ЖОО оқытушылары жаңа медиа құралдарын қолданудың мүмкіндіктерін жіберіп алмағаны жөн. Семинар қатысушыларына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кәсіби біліктілікті көтеру Институтының сертификаттары табыс етілді. Қызыға тыңдап, тренингте белсенділік танытқан семинар қатысушылары семинар жұмысы аяқталған соң асқан ризашылық сезіммен тарасты.