"Үздік лингвист-2014"

26 сәуір, 2014

Еліміздің білім беру саласындағы 4 бірдей үздік Жоғары оқу орындары сайысқа қатысуға білдірілген ұсынысты қабылдап, қарашаңырақ ҚазҰУ-дың қуанышын бірге бөлісуге ниет білдірді. Олар қазақтың тұңғыш Жоғары оқу орны Абай атындағы ҚазҰПУ, 70 жылдық тарихы бар педагог мамандарды жетік түрде дайындайтын бірден-бір оқу ордасы ҚазМҚПУ, Халықаралық деңгейде білім беру үлгісі озық білім ордасы С. Демирел университеті, Халықаралық дәрежедегі құзіретті мамандарды даярлайтын жетекші университеттердің бірі де бірегейі Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ, және де «Үздік лингвист» байқауын ұйымдастырып, еліміздің оқу орындарының басын қосып отырған білімнің қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Дүйім жұрттың көз алдында білім додасына түсіп, өзінің танымдық өресін, рухани жан-дүниесінің байлығын сарапқа салу кез келген адамның қолынан келе бермесі хақ. Бұл додаға қатысуға бел буған терең білімді, дүниетанымы кең, білімнің қайнар бұлағынан терең сусындаған, жүректі жастар, әрине құрметке лайық. «Үздік лингвист – 2014» зияткерлік сайысына алдын-ала іріктеу өткізіліп, әр университеттен 3 адамнан 15 үміткер қатарларынан оқ бойы озып шықты.

Сайыс шарты бойынша тіл білімі аясында білім алып жүрген 3 курс студенттері қатысады. «Үздік лингвист – 2014» байқауы кафедраның «Жас лингвисттер» клубының аясында ұйымдастырылды, ұйымдастырушы координаторлар клуб жетекшілері ф.ғ.д., профессор Ж.Қ. Ибраева мен ф.ғ.к., доцент М.Қ. Мәмбетова және оқытушы Г.Ә. Бөрібаева мен«Лингвистика» мамандығының І курс магистранттары. Сайыс соңы көңілді кешке ұласты, олай дейтініміздің себебі, сайыс қорытындылары шыққанша бірнеше көңілді өлеңдер мен ҚазҰУ-дың 80 жылдық мерейтойына арналған би тамашаланды. Сайысты бастан аяқ жүргізген факультеттің 2 курс студенті «Жігіт сұлтаны 2013» байқауының лауреаты А. Мырзабек пен факультетіміздің 4 курс студенті, Қазақ радиосының дикторы Д. Ермекжан. Кеш соңында университетіміздің талантты әншілері, бүгінде талай ән бәйгесінің биігінен көрініп жүрген DestLIFE тобының жігіттері мен болашақ қазақ эстрадасының жұлдыздары Ж. Верещак, Ж. Мұзбаеваның орындауындағы ҚазҰУ әнұранымен аяқталды.