ХХI ҒАСЫР УНИВЕРСИТЕТТЕРІ: ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР
15-16 қазан күндері Алматы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 75 жылдық мерейтой апталығы "ХХI ғасыр университеттері: инновациялар және жаңа технологиялар" атты Халықаралық ғылыми конференциясымен тәмамдалды.
Конференция жұмысына, Ресей, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея елдерінің жоғарғы мектеп ғалымдары мен мамандары және еліміздегі жетекші университеттердің ректорлары, белгілі ғалымдар мен ғылымның түрлі салаларының мамандары қатысты.
Конференцияның мақсаты жоғары білім беру мен іргелі ғылымның интеграциялану мәселесін талқылаудағы жетекші қазақстандық, ресейлік және басқа да шетелдік ғалымдардың ынтымақтасуы. Конференция барысында ғылымның түрлі саласындағы инновациялық білім беруді ғылыми-техникалық және әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етудің даму болашағы бар түрлері туралы, сондай-ақ білім беру бағдарламалары мен технологиялары саласындағы жаңа әзірлемелер мен жетістіктер туралы тәжірибелер мен пікірлер алмасты.
Конференцияның қатысушылар Қазақстан жоғарғы мектебінің басты міндеті экономиканың, ғылымның, елдің қоғамдық өміріндегі маңызды бағыттарын қарқынды дамытуға бағытталған қазіргі заманғы фундаменталды жоғары білім беруде бәсекеге қабілетті маман дайындау корпусын қалыптастыруда екендігін айтты. Университеттер ғылымның негізгі салаларын дамытып, білікті маман дайындау мен еліміздегі бүкіл ғылым саласына жас ғалымдарды даярлауға міндетті. Сонымен қатар, Қазақстанның жоғарғы оқу орындарындағы білім беру қызметі әлемдік білім беру жүйесіндегі даму тенденцияларымен сәйкес жүргізілетіндігі; әлемдік сапа стандарттарына сай жаңа білім беру технологиялары енгізілгендігі; ғылымның басты салалары бойынша ұлттық зерттеу орталықтары құрылғандығы; зерттеу университеттерін қалыптастыру тұжырымдамасы жасалып жатқандығы сөз болды.
Конференция қатысушылары әрі қарайғы жұмыс барысының басым бағыттарын анықтап, олардың жүзеге асырылуы жөнінде ҚР БҒМ-не кейбір ұсыныстарды жолдады.
Қатысушылар қабылданған резолюцияны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, жоғарғы оқу орын жетекшілері, ғылыми қоғамдастық пен жоо өкілдері қолдайды деп, сонымен қатар еліміздегі ғылым мен жоғарғы оқу орындардың дамуына жаңа серпіліс береді деп сенім артып отыр.
ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі