ҚазҰУ халықаралық математикалық олимпиадасының халықаралық туын қабылдап алды

28 қазан, 2009

21-ші қазан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі Механика-математикалық факультетінің Қызыл залында Халықаралық математикалық олимпиада туын ресми түрде Қазақстанға тапсыру салтанаты болды.

Қазақстан 2009 жылдың 3-15 шілде аралығында Астанада өтетін ТМД елдерінің арасында тұңғыш болып ең беделді интеллектуалдық сайысты өткізу мәртебесін иеленіп отыр. Қазақстан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен білім мен ғылымға айрықша көңіл бөлген және тұрақты дамып келе жатқан республика ретінде таңдалды. Мұндай беделді олимпиадаға 110 мемлекет қатысады.

Халықаралық математикалық олимпиада (ХМО) - бұл 1959-шы жылдан бері жоғары сынып оқушыларының арасында өтіп келе жатқан әлем чемпионаты болып табылады. Қазақстан аталмыш олимпиадаға тұңғыш рет 1992 жылы бақылаушы ел ретінде қатысса, 1993 жылдан бастап толық құқықты мүшесі болды. Өткен жылдар ішінде біздің оқушылар 62 медаль жеңіп алды. Оның 8-і алтын, 17-сі күміс және 37-сі қола медаль. Биыл команда 1 күміс және 3 қола медаль иеленді.

«Кезекті 51-ші Халықаралық математикалық олимпиаданың қожайыны Қазақстан болмақ. Біз бүгін Халықаралық математикалық олимпиада туын табыстау салтанатының куәгері болып отырмыз, - деді салтанатты ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде ғылым жөніндегі проректор Нұрлан Темірбеков.

«Қазақстанның халықаралық дәрежедегі жоғары беделі, экономикалық өсуі мен саяси тұрақтылығы дүниежүзілік интеллектуалдық қауымдастықтың назарын аударып отыр. Математикалық базаның жоғары деңгейі, бізге осындай ауқымды шараны өткізуге мүмкіндік береді» - дейді «Дарын» Республикалық ғылыми-тәжірибелік орталықтың директоры Тілдаш Битуова.

Халықаралық математикалық олимпиада туының эстафетасын жас ұрпақ атынан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математикалық факультетінің студенттеріне Шахматтан әлем чемпионы Жансая Әбдімәлік табыстады.

ҚазҰУ-дің баспасөз қызметі