ҚазҰУ мерейтойлық апталықты қалалық веложарыспен бастады

2 қараша, 2009

Жексенбі, 11 қазан күні ҚазҰУ мерейтойлық апталықты Алматы қаласы әкімдігі ҚазҰУ-дың 75 жылдығы қарсаңында ұйымдастырған қалалық көлемді веложарыспен бастады.

Сенбінің таңында мерейтойлық веложарыс «Атакент» көрме орталығының алаңынан басталды. 8,9 км қашықтықты қамтыған веломаршрут Тимирязев көшесінен басталып, Достық даңғылының бойымен, одан әрі әл-Фараби даңғылымен жүріп, ҚазҰУ спорт кешенінің жолында аяқталды. Мәре сызығын ҚазҰУ стадионында аттады.

Бұқаралық веложарысқа 500-дей велосипедшілер қатысты. Спортшылардың қатарында Алматы жоғарғы оқу орындары мен колледждерінің студенттері, әкімшілік қызметкерлері, ҚазҰУ профессорлары мен студенттері болды. Веложарысты Алматы қаласының әкімі А.С.Есімов және ректор Б.Т. Жұмағұлов бастады.

Спорткешенінің спорт алаңында мерекелік жиын өтті. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов ҚазҰУ ректорын және студенттерін университет мерейтойымен құттықтады.

- әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 75 жылдығына арналған веложарыспен, қала еліміздегі іргелі оқу орынның мерейтойлық шарасын алғашқы боп бастады. Мен университеттің басшылығы мен студенттеріне сәттілік тілей отырып, ең бастысы, физикалық жаттығулар арқылы денсаулықты сақтау керектігін айтқым келеді.

ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұлов веложарысты ұйымдастырып, белсенді қатысқаны үшін Ахметжан Есімовке ҚазҰУ кубогын табыстады. Сонымен қатар оқу орын ректоры Алматы қаласының әкімін, еліміздегі іргелі оқу орынға қала назарын аудартып және жас ұрпаққа жақсы үлгі көрсетіп, жастарды салауатты өмір салтына шақырып, насихаттағаны үшін алғыс білдірді.

Одан соң мерейтойлық веложарыс студенттік ҚазҰУ спорт үйірмелерінің көрсетілімдері мен студенттердің концертіне ұласты.

ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі