Философия және саясаттану факультетінің түлектері үшін аса маңызды уақытта өзінің ыстық лебізін, ақ тілегін білдіруге факультетіміздің түлегі Раиса Ормантайқызы келіп, факультетте дайындалатын барлық мамандық иелері қоғам өміріндегі ең басты деп атауға тұрарлық сала – рухани дүниені, құндылықтарды сақтайтын, дамытатын, тұрақтандыратын кәсіби мамандар екендігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, мерекелік концертке, ҚазҰУ-дің 80-ші түлектерін құттықтауға арнайы келіп, Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясынан Шевелева Алена «Қазақ елі», Құрманғазы атындағы консерваториядан Ексілов Рауан «Көк көгершін», Жакиев Елдос «Он саусақ», Жолдыбаева Фариза Ғарифолла Құрманғалидің әні «Сәлемді» тарту етті. Концерттік бағдарламаны «Мәдениеттану» және «Дінтану» мамандықтарының өнерлі 1-3 курс студенттері ән айтып, жыр толғап, бимен қызықтыра түсті. Бұл думанды кешті АҚШ-тан келген визит-профессор Чарльз Уеллер де тамашалап, ҚазҰУ түлектеріне Абайдың сөзімен бастаған ыстық лебізін де білдірді.
Талай, талай жылдар өтті табысты,
Бұл ордадан талай түлек жас ұшты.
ҚазҰУ-дің 80-ші түлектері
Көтеріңдер биіктерге намысты! – деген өлең жолдарымен үлкен өмір айдынына жол тартқалы отырған философия және саясаттану факультетінің түлектеріне «кейінгі буын» «ақ жол» тілеп, құттықтау іс-шарасын тәмамдады.