«Алматы – темекі түтінінен таза қала» атты қалалық бағдарлама аясында «Smile party» өтті.

5 қараша, 2009

30 қазан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Алматы - темекі түтінінен таза қала» атты қалалық бағдарламаның қорытынды кеші ұйымдастырылды. Сағат 11.00 ден 13.00 дейін Алматы қаласының әл-Фараби даңғылы, Абай даңғылы, Тимирязев және Жандосов көшелерінің бойымен студенттер мен жастардың салауатты өмір салтын және темекіден бас тартуды насихаттайтын шерулері өтті.

Темекінің барлық түрлеріне қарсы ұран көтерген жастардың шеруі ҚазҰУ-дың сауда орталығы алдындағы алаңда мәресіне жетті. «Біз «Жоқ!» дейміз» атты акцияның қорытынды кешін белгілі қазақстандық эстрада жұлдызы Ерлан Көкеев пен «К-7» тобының концерті аясында өтті. Сондықтан да акцияны ұйымдастырушылар сағат 1300 ден бастап концерттік кештің жоғары деңгейде өтуі үшін керекті музыкалық аппаратура орнатылған автокөлікті және басқа да құралдарын орната бастады. Ерлан Көкеевтің салауатты өмір салтын насихаттайтын акцияға шақырылуы тегіннен емес еді. Өйткені әнші 10 жыл бұрын саналы түрден темекі тартудан бас тартқан болатын. Салауатты өмір салтын насихаттайтын, үлгі тұтарлық осы әрекеті үшін Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә. Назарбаевтың қолынан арнайы сыйлық-сағат алған. Әнші өмірде барлық жасанды, алдамшы нәрселерге қарсы екендігін өзінің жанды, табиғи дауыспен өнер көрсетуі арқылы дәлелдеп келеді. Ал никотин сыйлайтын уақытша, алдамшы ләззат толыққанды, салауатты өмір сүруден алатын рахаттың тек суррогаты ғана. Сондықтан да Ерлан Көкеевтің аталған жобаға ат салысуы өте заңды құбылыс екеніне ешкім шүбә келтірмес.

Алаңға жиналған студенттер музыканттарды ерекше қошаметпен қарсы алды. Әншілердің өнерін тамашалауды асыға күткен студенттерге Ерлан Көкеев пен «К-7» тобы алдымен өздерінің мәңгілік хиті «Танец под дождем» әнін сыйлады.

«Адам жер бетіне бақытты болуы үшін келеді. Бақытты өмірдің бірден бір көрсеткіші - денсаулық. Біз - Қазақстанның болашағымыз. Біздің амандығымыз - ұлт амандығы. Елімізге қазіргі таңда әсіресе дені сау, салауатты ұрпақ керек! Денсаулықтарыңды күтіңдер!» - осы сөздермен Ерлан Көкеев өзінің өмірге деген көзқарасын танытып, соңынан ерген жас ұрпаққа тілегін білдірді. Әншілер сахнада өз өнерімен студенттердің көңілдерін көтеріп, ырғақты әуендерімен еріксіз билетіп жатқанда, ұйымдастырушылар темекінің барлық түрлерінің зияндылығы жайлы парақшалар таратып жүрді.

Концерт аяқталғаннан кейін Ерлан Көкеевтің жеке қолтаңбасы қойылған әншінің күй табақшалары тегін таратылды. ҚазҰУ қалашығында әншілердің жанды дауыспен көрсеткен өнерлеріне риза болған студенттер олармен бірге суретке түсуге асықты.

Біздің студенттер кешті никотинге қарсы «SMILE PARTY» ұйымдастырушыларына өмір бойы салауатты өмір салтын ұстанамыз деп сөз беріп қорытындылады.