ҚазҰУ – студенттік спорттың көшбасшысы
ҚазҰУ-да мерейтойлық онкүндік негізгі іс-шаралар өтуде. Соған орай, «ҚазҰУ – студенттік спорттың көшбасшысы!» деген ұранмен қалалық веложарыстың ашылу салтанатында университеттің үздік спортшыларына құрмет көрсетілді.
Сенбінің таңында мерейтойлық веложарысқа қатысушылар «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплині кешенінде жиналып, жарысты сол кешеннен бастады. Одан әрі әл-Фараби даңғылымен жүріп, ҚазҰУ спорт кешенінің жолында жалғасты..
Мерекелік веложарысқа 2500 велосипедші қатысты. Қатысушылардың қатарында Алматы жоғарғы оқу орындары мен әкімшілік қызметкерлері, ҚазҰУ ұстаздары мен студенттері және қала тұрғындары болды. Жарысты Алматы қаласының әкімі А. С. Есімов және ҚазҰУ ректоры, академик Ғ. М. Мұтанов бастады.
Стадионда өткен спорт мерекесінің ашылу салтанатында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов құттықтау сөзінде: «Шынында да, университет үшін осы өткен сексен жыл табысқа толы жылдар болды. Ең бірінші ашылған университеттердің бірі, сексен жылда қаншама маман дайындап, еліміздің экономикасының өсуіне көп үлес қосқан. Кең байтақ еліміздің қай жерінде барсақ та, осы университет түлектерін кездестіруімізге болады. Ең көп түлектер осы университетті бітіріп шыққан. Білім жүйесіндегі орны ерекше бүгінгі университетте оқитын жастарымыз - еліміздің болашағы. Елімізге қажетті мамандықты иемденген түлектер егеменді еліміздің өсіп-өнуіне өзінің үлкен үлесін қосып келеді. Университет спорт, мәдениет және тағы басқа салаларға да көп мән береді. Міне, бүгін де ҚазҰУ ректоры, академик Ғ. М. Мұтанов бастаған ұстаздар мен студенттер жаппай велошеруге қатысып отыр. Осының бәрі салауатты өмір үшін, осының бәрі келешек ұрпағымыздың денінің саулығы үшін жасап жатқан шара. Сондықтан барлығыңызға, осы үлкен шараға қатысқандарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтам!- деді.
ҚазҰУ ректоры, академик Ғ. М. Мұтанов веложарысқа өзі де белсенді қатысып, еліміздегі іргелі оқу орнына бұқара назарын тағы бір аудартып жас ұрпаққа жақсы үлгі көрсетті. Ол жастарды салауатты өмір салтына шақырып, насихаттағаны үшін Ахметжан Есімовке және шеруге қатысушыларға шын жүректер алғысын білдіріп, ең үздік спортшыларды марапаттады.
Велошеру барысында спорттық топтардың мерекелік көрсетілімдері мен студенттердің концерті мерекелік көңіл күйді асқақтатты. Мерекенің соңы футболдан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері мен әр жылғы түлектердің арасындағы достық жарыспен аяқталды.