"Қазақпарат" халықаралық ақпарат агенттігі

26 мамыр, 2014
26 Мамыр 2014, 17:57
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 150 мыңдай маман даярлаған
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 80 жыл ішінде 150 мыңдай маман даярлаған. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Қариялар - алтын қазына» атты салтанатты жиын барысында осы білім ордасының тәрбие жұмыстары жөніндегі департамент директоры Меңдігүл Ноғайбаева мәлімдеді.

«Осы 150 мыңдай шәкірттерді тәрбиелеп, еліміздің дамуына өз үлестерін қосқан, университетте талай жылдан бері қызмет істеген біздің ардагер ұстаздарымыз бен ғалымдарымыз бар. Олардың әрқайсысы өз алдына бір жеке мектеп. Олар - ғылыми мектеп қалыптастырған, ұстаздық жолын қалыптастырған, есімдері аңызға айналған тұлғалар. Сондықтан біз бүгін қазақы дәстүрмен, сол ағаларымызға құрмет көрсетіп, оларды «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 80 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапаттап, шағын сый-сыйапатымызды көрсеттік. ҚазҰУ несімен ерекшеленеді? Ол өзінің университеттік рухымен ерекшеленеді. Өзінің жасампаз даңқы бар. Сол рухты, жасампаз даңқты жасап отырған - ұрпақтар сабақтастығы» - деді өз сөзінде Меңдігүл Ноғайбаева.

Қазақ ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында өткен аталмыш іс-шараға барлығы 80 адам қатысты. Жалпы 115 адамға шақырту жіберілген болатын. Бірақ бірқатар ұстаздар денсаулықтарына байланысты келе алмады.

Жиын барысында ардагер ұстаздар университеттегі жаңа инфрақұрылымдық нысандармен, атап айтқанда студенттерге қызмет көрсетудің жаңа үлгісі болып табылатын «Керемет» жастар ресурстық орталығының жұмысымен және «әл-Фараби» мұражайымен танысты.