«ҚазҰУ – Қазақстан элитасының ұстаханасы» атты байқау қорытындысының салтанатты марапаттау рәсімі өтті

28 мамыр, 2014

27 мамырда «Әл-Фараби» Ғылыми кітапханасында ҚазҰУ-дың 80 жылдық мерейтойының онкүндігі аясында Журналистер одағы және Журналистер академиясының қолдауымен отандық әрі шетелдік БАҚ пен журналистер арасында ұйымдастырылған «ҚазҰУ – Қазақстан элитасының ұстаханасы» атты байқау қорытындысының салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Шараға халықаралық, республикалық, аймақтық БАҚ басшылары мен журналистері қатысты.


Аталмыш байқау БАҚ назарын қазақстандық білім беру және ғылым мәселелеріне аудару, еліміздің жетекші оқу орны – ҚазҰУ қызметін оқу-ағарту, ғылыми және инновациялық тұрғыдан насихаттау мақсатында осы жылдың 1 ақпаны мен 20 мамыр аралығында жарияланған болатын. Байқауға университеттің тарихи және мәдени мұрасы, дәстүрі мен жетістіктері, заманауи қызметі, даму келешегін кеңінен сөз еткен қызықты да мазмұнды жұмыстар келіп түсті. ҚазҰУ-дың білім мен ғылым, инновация саласындағы жаңалықтары мен жетістіктері теле, радио, мерзімді және он-лайн басылымдар арқылы республика көлемінде таралды. Байқауды қорытындылаған салтанатты кешті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанұлы ашты. «Еліміздің ең ірі университеті ҚазҰУ-дың 80 жылдығын біз 21-22 мамырда ІІІ Азия университеттерінің форумымен бастап кеттік. Оған әлемнің 40-тан астам елінен 100-ге тарта ректор, президент, вице-президенттер қатысып, бүгінгі таңдағы аса өзекті сұрақ – әлемдік жаһанданудағы тұрақты даму мәселесін талқылады. Осы ретте биыл ҚазҰУ тұрақты даму бойынша БҰҰ-ның жаһандық хабын басқарғаны баршаңызға белгілі. Университеттер көшбасшысы ретінде бізге артылған осынау жауапты жүкті сезіне отырып, біз осындай ауқымды шараларды өткізіп отырмыз. Сондай-ақ күні кеше университет ардагерлерін марапаттап, баталарын алдық. Ал бүгін Сіздерді арнайы шақырып отырмыз», – дей келе, ректор БАҚ өкілдеріне ризашылығын білдірді. Талантты ҚазҰУ студенттерінен құралған көркемөнерпаздар үйірмесі әуелеген әсем ән, сазды әуенмен кештің көркін кіргізіп, әрлеп отырды.

ҚазҰУ-ға үздік ақпараттық қолдау көрсеткен бұқаралық ақпарат құралдарын белгілі публицист, Журналистер академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев пен Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев марапаттады. «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Ана тілі», «Айқын», «Қазақ әдебиеті», «Литер», «Түркістан», «Алматы ақшамы», «Түркі әлемі», «Заң», «Свобода слова», «Время», «Camonitor», «АиФ Казахстан», «Жас қазақ», «Экспресс К», «Вечерний Алматы» газеттері, «Қазақпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі , «Қазақ» радиосы, «Хабар», «Қазақстан», «Білім және мәдениет», «Алматы» телеарналары, «31 канал», КТК, СТВ, «Қазақстан тудей» ақпараттық агенттігі түрлі номинациялар бойынша жеңімпаз атанып, оларға диплом мен сувенирлер табысталды.

Сондай-ақ арнайы номинация жеңімпаздарын әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор Шолпан Ерболқызы марапаттады. Байқау қорытындысы бойынша «Алматы ақшамы» газетінің бөлім бастығы Ермек Зәңгіров, «Хабар» агенттігінің журналисі Гүлвира Биғалиева, «Қазақпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі директорының орынбасары Қаламқас Әбуова, «Tengrinews.kz» агенттігінің журналисі Дмитрий Хегай, «Егемен Қазақстан» газетінің Алматыдағы бөлімше жетекшісі Қорғанбек Аманжол, «Казахстанская правда» газетінің Алматыдағы корпунктінің жетекшісі Ольга Малахова, «Қазақстан» телеарнасының журналисі Айгүл Ермахан, «Казахстанская правда» газетінің журналисі Раушан Шулембаева, «Ана тілі» газетінің журналисі Нұрлан Құмар, «Айқын» газетінің жас журналисі Мағауия Шайхы, «Алматы ақшамы» газетінің журналисі Рая Ескендір, «Вечерний Алматы» газетінің журналисі Наталья Вержбицкая, «Қазақ» радиосының журналисі Мөлдір Жанбаева, «Massaget.kz» сайтының редакторы Мейіргүл Оңғарова, «Қазақстан-Zaman» газетінің журналисі Алпамыс Файзолла, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Досжан Балабекұлы жеңімпаз атанып, диплом мен ақшалай сыйлықтарға ие болды. Басым көпшілігі ҚазҰУ түлегі болып табылатын марапат иелері өз кезегінде туған университеттерін мерейтойымен құттықтай отырып, шексіз алғыстарын білдірді. «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі Рая Ескендір ҚазҰУ-да журналистика факультетінде оқығанын, 3 курстан бастап еңбекке араласқанын тілге тиек етті. «ҚазҰУ әрқашан білім мен ғылым әлеміндегі озық табыстарымен танылып келеді. Көрікті ҚазҰУ қалашығында бой көтерген жаңа ғимараттар да таңғаларлық», – деп ыстық ықыласын жеткізді.

БАҚ басшыларының көпшілігі – ҚазҰУ түлектері. Журналистика факультетінде олар осынау қиын да қызықты мамандықты игеріп, шыңдалу мектебінен өтті. Бүгінде олар туған университетінен қол үзген жоқ. Сондықтан ҚазҰУ-дың ғылым мен білім берудегі инновациялық табыстарын үздіксіз жариялап, университет имиджін қалыптастыруға қолдау білдіргендері үшін бірқатар БАҚ басшыларына, әр жылдары «Қазақ университеті» газетінің бас редакторы қызметін атқарған журналистерге «ҚазҰУ-ға 80 жыл» мерейтойлық медальдары табысталды. Кеш соңында қонақтар естелік суретке түсіп, мерекелік дастарханнан дәм татты. Сондай-ақ қонақтар назарына «80 жылдықтың 80 қыры» атты ҚазҰУ шығарған кітаптар мен ҚазҰУ туралы мақалалар көрмесі ұсынылды. Мерекенің ресми бөлімін ҚазҰУ өнерпаздары «Жасай бер, ҚазҰУым!» әнімен тамамдады. Қонақтар да осы тілекпен, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.