"Қазақпарат" халықаралық ақпарат агенттігі
«ҚазҰУ - «Қазақстан элитасының шеберханасы» атты байқауда «ҚазАқпарат» ХАА «Ақпараттық қолдаудың көшбасшысы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Журналистер Одағының және Қазақстан журналистика Академиясының қолдауымен университеттің 80 жылдығына арналған жоғары оқу орнының қызметін жариялауда журналистер және отандық әрі шетелдік БАҚ ұжымдары арасында ең үздік материалға байқау жарияланған болатын. 1 ақпан мен 20 мамырдың арасында бірқатар БАҚ аталған байқауда бақ сынасты.
Іс-шара БАҚ назарын қазақстандық білім беру және ғылым мәселелеріне көңіл аударуға, оқу-ағарту, ғылыми және инновациялық тұрғыдан еліміздің жетекші оқу орны қызметін насихаттауда журналистерді қолдау болып табылады», - деді университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов.
Оның айтуынша, байқауға қатысуға университеттің тарихи және мәдени мұрасы, дәстүрі мен жетістіктері, жоғары оқу орнының заманауи қызметі, оның даму келешегі туралы мерзімді, он-лайн басылымдарда немесе теле-радиоэфирде материал шығарған шетелдік, республикалық, аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Университет басшысы осыдан бірнеше жыл бұрын осы оқу орнынан қанат қаққан бірнеше түлектерді «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 80 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапаттады. Олардың ішінде университетті 30 жыл бұрын тәмамдаған «ҚазАқпарат» ХАА Алматыдағы тілшілер қосынының жетекшісі Сара Мұстафина да бар.