"Қазақпарат" халықаралық ақпарат агенттігі

2 маусым, 2014
30 Мамыр 2014, 21:56
Қайрат Мәми Қазақ ұлттық университеті ұжымының салтанатты жиыны мен Түлектер форумына қатысты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті түлектері қауымдастығының президенті Қайрат Мәми Қазақ ұлттық университеті ұжымының салтанатты жиыны мен Түлектер форумына қатысты.

Бұл туралы ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметінен хабарлады.

ҚазҰУ-дің 80 жылдығына арналған мерейтойлық шараның ашылу салтанатында Қ. Мәми құттықтау сөз сөйлеп, «Түлектер қауымдастығы университеттің жаңа тұрпаттағы мамандар даярлау ісіне, университет пен оның түлектері қауымдастығы арасындағы өзара тиімді серіктестік жүйесін қалыптастыруға ықпал етіп келеді. Университет түлектері - әлеуетті жұмыс берушілер, меценаттар мен демеушілер, қосымша білім беру бағдарламасының тұтынушылары. Қауымдастықтың миссиясы - университетті әр жылдары бітірген түлектер буынының корпоративтік рухын көтеру, олардың өзара байланысы мен әлеуметтік бастамаларына қолдау көрсету» - деген ойын білдірді.

Қауымдастық БАҚ беттерінде ҚазҰУ түлектерінің кәсіби мансабы туралы материалдар шығарып, теле және радиоарналарда сұхбаттар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастыру арқылы университеттің жағымды имиджін қалыптастыруға атсалысып келеді.

Түлектердің айтулы кәсіби жетістіктерін насихаттау мақсатында еліміздің жоғары білім беру жүйесінде алғаш рет «Біздің элита» атты екі томды кітап шығарылды. Онда Қазақстанның алғашқы классикалық университетін жетілдіру мен дамытуға және оның әлемдік деңгейдегі заманауи ғылыми-зерттеу университетке айналуына ықпал еткен, сондай-ақ отандық іргелі және қолданбалы ғылымның қалыптасуына зор үлес қосқан университеттің айтулы түлектері жайлы мәліметтер берілген.

Қайрат Мәми Қазақ ұлттық университетінің түлектері атынан студенттерді өз кәсібінің білімді маманы болып қана қоймай, ең алдымен, Қазақстанның шынайы патриоты болуға шақырды.

Жоғарғы Сот Төрағасы университеттің үздік студенттеріне мерейтойлық стипендия сертификаттарын табыстады.