"Қазақпарат" халықаралық ақпарат агенттігі
Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыс істеу қағидатын ұстанған бұл мекеме, студенттерге «Бір терезе» жүйесі бойынша қызмет көрсетеді.
Орталықтың ашылу салтанатына ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов және басқа да жоғары лауазымды тұлғалар қатысты.
«Бұл орталық Қазақстанда ғана емес, бүкіл ТМД елдері бойынша тұңғыш рет ашылып отыр. Мұнда студенттер өздеріне қажетті барлық құжаттарды, анықтамаларды рәсімдей алады. Жұмыс орындарында іс-тәжірибеден, машықтану мерзімдерінен өту мәселелері, сонымен қатар заңдық және кәсіби сұрақтар бойынша жан-жақты ақыл-кеңестер ала алады. Орталықты өз алдына «Смарт-сити» яғни, «Ақылды қала» деуге де болады. Ол 7300 шаршы метр жерді алып жатыр. Бес сектордан тұрады. Олар: оқу секторы, медициналық орталық, ойын-сауық орталығы, әкімшілік сектор және әлеуметтік сектор. Атап өтер болсам, мұнда кинотеатр, нотариус, банк, әуе және темір жол кассалары, супермаркет, сұлулық салоны, кір жуатын орындар және кітап дүкендері жұмыс істейді. Орталық 20 мыңға жуық студент пен 5 мыңдай оқытушы құрамына қызмет көрсетуге лайықталған. Алдағы қыркүйек айына қарай толықтай пайдалануға беріледі. Егер болашақта орталықтың қуаты ұлғайып жатса, қаладағы басқа да жоғары оқу орындарының студенттеріне қызмет көрсететін боламыз. Бұл орталық - ректорымыздың идеясы!» - деді өз сөзінде осы "Керемет" студенттерге қызмет көрсету орталығының директоры Сайран Баяндинова.
Бір айта кететін жайт, орталық ішінде заманауи медициналық құралдармен жабдықталған жаңа медициналық диагностикалық орталық бар. Бұл Оңтүстік Кореядағы Сеул ұлттық университетімен арадағы стратегиялық келісімшарт аясында жүзеге асқан жоба. Мұнда студенттерге тегін, оқытушылық құрамға белгілі бір жеңілдікпен қызмет көрсетіледі.