"Қазақпарат" халықаралық ақпарат агенттігі
Кітапхананың үлкен залы «Көк базарға» айналғандай. Азан-қазан у да шу. Таңдай қаққан студенттер мен үстелдердің айналасында жан-жақтарына маңғаздана көз тігіп отырған жұмыс берушілер. Әр компанияға бір үстелден бекітілген. Келушілерге арналған жарнамалық кітапшалары, плакаттар көздің жауын алады. Бүгінгі жәрмеңкеге барлығы жүзден аса әр түрлі саладағы белгілі компаниялар қатысуда
"Біз бұл жәрмеңкеге бір айдан аса уақыт дайындалдық",- деді өз сөзінде университеттің мансап және бизнес орталығының мүшесі, филология факультетінің үшінші курс студенті Әбілова Фариза. - 95 компанияға шақырту жіберіп едік. Бүгін одан да көп келді. Әрқайсысының кадрмен жұмыс істейтін мамандары бар. Әрбір компания кем дегенде 5 қызмет орнын ұсынып отыр. Тіпті 20 қызмет орнын ұсынып жатқандарда бар".
Бүгінгі жәрмеңкеге 2000-ға жуық студент қатысады деп күтілуде. Бұл жерде екінші және үшінші курс студенттерінің сынақ мерзімінен өту үшін де жұмыс берушілерді таңдауларына мүмкіндіктері бар. Келушілердің қолында түйіндемесі, жеке куәлігі, студенттік билеті және 3x4 суреті болуы шарт.
Естеріңізге сала кетейік, әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде 14 факультет жұмыс істейді. Оларда 100-ден астам мамандық бар. Аталмыш білім ордасында 18 мыңнан астам студент білім алады. Биылғы түлектердің саны 5 мыңнан асып отыр.
Бүгінгі жәрмеңке күндізгі сағат 14:00-ге дейін жалғасады.