Білім көгінде – 80 жыл!
Алатаудың етегіндегі студенттер қалашығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті өзінің 80 жылдық мерейтойын үлкен сән-салтанатпен атап өтті. Білім дариясында желкенін жайған бұл оқу орны өзінің ғасырға жуық ғұмырында Қазақ еліне ерен еңбек сіңірген талай алыптарды тәрбиелеп шықты.
Қара шаңырақтың мерейлі мерекесіне Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, Конституциялық Кеңес Төрағасы Игорь Рогов, сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары мен осы оқу орнын тәмамдап, бүгінде мемлекеттік қызметте жүрген бірқатар белгілі тұлғалар Астанадан арнайы келді.
Мерекелік шара студенттерге қызмет көрсететін «Керемет» жан-жақты жабдықталған кешенін ашу салтанатынан басталды. Айта кету керек, студенттердің әлеуметтік-тұрмыс жағдайының барлығына ықпал ететін «Керемет» орталығы – ТМД елдерінде бұрын-соңды болмаған жоба. Бұл жерде студенттер қажетті құжаттарын ресімдеуге, заңгерлер мен білікті мамандардың кеңесіне жүгінуге, қызметке орналасу үшін құжат тапсыруға, тіпті, медициналық көмек, интернет-кафе, ұшақ және теміржол кассалары, кинотеатр, киім-кешекті химиялық тазалау, шағын супермаркет секілді аса қажетті қызметтің барлық түріне қолжетімді. Тәулігіне бірнеше мың студентке қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар бұл орталық бүгінгі жас шәкірттердің барлық мұқтаждықтарын өтеу үшін өз жұмысын бастап кетті.
Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 80 жылдығын атап өту аясында «ҚазҰУ түлектерінің форумы» болып өтті. Оған жоғарыда аталған құрметті қонақтармен қатар, қала әкімі Ахметжан Есімов, ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов, сондай-ақ, еліміздегі іргелі оқу орындарының ректорлары мен мемлекет және қоғам қайраткерлері, бизнес элита өкілдері, Олимпиада чемпиондары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Мерекелік салтанатты кешті Ғ.Мұтанов құттықтау сөзімен ашып, одан кейін А.Есімов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді. Елбасы жолдаған хатта әл-Фараби атындағы университеттің қазақ қоғамына, ғылымы мен біліміне, сонымен қатар, рухани-мәдени қазынасына қосқан өлшеусіз үлесі, аталған шаңырақтан түлеген білікті мамандардың ел экономикасы мен дамуына үлкен үлес қосып келе жатқандығы айтылған.
Жоғарғы Сот Төрағасы әрі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті түлектері қауымдастығының президенті Қ.Мәми өз сөзінде университет түлектері еліміздің маңызды салаларында ғана емес, алыс-жақын шетелдердің ғылыми ортасында еңбек етіп, ел абыройы мен келешегі үшін аянбай азаматтық борышын өтеп жүргенін айта келіп, өзі жетекшілік ететін қауымдастық тағайындаған арнаулы стипендияны ғылыми олимпиадалар мен кеңестерде үздік танылған жас ғалымдарға, университет шәкірттеріне табыс етті.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».