"Алматы ақшамы" газеті

4 маусым, 2014

ҚазҰУ-дегі «Керемет» кешен

Биыл әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне 80 жыл толып отыр. Осынау мерекелі жыл аясында білімнің қарашаңырағы жүзге жуық шара өткізіп, тойға ерекше шашу жасады. Қайырымды қала – ҚазҰУ қалашығында бірнеше игілікті шара жүзеге асты. Ең алғашқы кірпішін Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы қалаған «Әл-Фараби» атты ғылыми кітапхана тұсауы да сәтімен кесіліп, студенттер игілігіне берілген еді.

Бүгінде осынау кітапхана төрінде түрлі тақырыптардағы шаралар да жиі өтетін орынға айналып отыр. Университет өміріне өз қолтаңбасын қалдырып, ұзақ жыл жемісті еңбек еткен ардагерлер де мерейтой аясында ардақталып, бір сәт ұмыт қалмады. Өз кезегінде университет түлектерінің де сіңірген еңбегі өз бағасын алды. Осындай-осындай сүбелі жаңалықтармен тойдың негізгі іс-шарасы да өтті.

ҚазҰУ студенттері үшін «Керемет» кешенінің пайдаланылуға берілуі зор қуаныш болды. Үш қабатты ғимарат «бір терезе» қағидасымен қызмет көрсететін болады. Мұнда студенттер оқу-тәрбие процесіне қатысты барлық кеңестерді алуына болады. Студент өзінің өндірістік іс-тәжірибесін қайда, қалай өткізуінен бастап, жұмыс табуына да мүмкіндігі бар. Студенттер үшін тіркеу бөлімі, шетелдік студенттерге қызмет көрсету, құжат бөлмесі бар. Сонымен қатар, қаржыгер, заңгер, нотариус мамандарға да жолығып, кеңес алуға болады. «Сұңқар» кәсіподағы, Студенттер сенаты, «Көмек» қозғалысы, «Жоғарғы студенттік кеңес», «Алтын сапа», басқа да ұйымдар осы кешен ішіне орналасқан.

Дәл осы кешен ішінен супермаркет, кір жуатын орын, сұлулық салоны сынды мекемелерді де табуға болады. Студенттер әуе, темір жол билеттерін де алыстан іздемей-ақ осы бір орыннан-ақ алуларына болады. Ең бастысы, университет ұжымы мен студенттер үшін жоғары сапалы маман қызмет көрсететін диагностикалық орталықтың ашылуы үлкен жаңалық болды. Кешенде сонымен қатар, бүгінгі заман талабына, сұранысқа сай басқа да орталықтар қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, «Университет – бизнес – қоғам» атты вакансия жәрмеңкесі өтіп, оған жүзге жуық ең үлкен компаниялар мен кәсіпорындар атсалысты.

Дәл осы күні Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында салтанатты жиын өтіп, соңы «Түлектер форумына» ұласты. Университет ректоры Ғалым Мұтанов әлемдегі ең үздік 200 университеттің қатарына ену жолында жүргізіліп жатқан жұмыстардан хабардар етті. Білім мен спортты серік етіп отырған университеттен 11 Олимпиада чемпионының шыққанын да мақтанышпен жеткізді. Сексен жылдық құрметіне өткен онкүн­діктің де университет тарихында алар орнының ерекше екендігін айтты. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың университет ұжымына жолдаған құттықтау хатын оқыды.

Осыдан соң сөз кезегін алған «Түлектер қауымдастығының» төрағасы Қайрат Мәми универ­ситеттің 15 үздік студентіне арнайы шәкіртақы тарту етті. Университеттің мерейтойлық салтанатына ҚР білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов қатысты.

Рая ЕСКЕНДІР