ҚазҰУ колледжінің қарлығаштары қанат қақты

28 маусым, 2014

ҚазҰУ-дың жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің білім нәрімен сусындаған колледж түлектері үлкен өмірге жолдама алды. Қасиетті қарашаңырақтың 80 жылдығында колледжді бітіріп отырған бұл түлектердің де арманы асқақ. Биылғы бітіруші түлектерге арналған «диплом тапсыру» мәртебесі үлкен мерекелік салтанатпен өтті.


Бұл күннің жүректерде жатталып қалары сөзсіз. Үлкен өмірге жолдама алып отырған жастардың жанарынан өз мамандығына деген кәсіби көзқарас, ұшқын байқалады. Колледж студенттерінің жұлдызды шеруінің өзінен-ақ, олардың биік мақсатқа өрлеп келе жатқанын сөзсіз жүрекпен ұғып, ерекше қимастықпен қарадық.

Салтанатты жиында колледж түлектерін құттықтап келген ҚазҰУ-дың оқу жұмысы жөніндегі проректор, техника ғылымдарының докторы Дархан Ахмед-Заки: «Мен ойлаймын Қазақ ұлттық университеті колледжінің биылғы түлектері, елімізге, жерімізге сіңіретін еңбектерімен өз нәтижелерін көрсетеді деген сенімдемін. Мен барлық осы колледж бітірушілерге, жақын арада болатын кешенді тестілеуден жоғары ұпай алып, қасиетті қарашаңырағымызға қайта оқуға түсулеріне тілектеспіз», - деп ақ жол тіледі. Ал, ҚазҰУ-дың тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры Меңдігүл Ноғайбаева: «Біздің университетіміздегі бұл колледж түлектерінің есімін мақтанышпен айтуға болады. Бұлар біздің ең талантты, білімді, өнерлі буын болатын. Құрметті колледж түлектерінің ата-аналары! Сіздердің өсірген балаларыңыз бүгін, өздерінің үлкен нәтижелерін көрсетіп, диплом алып отыр. Оның өзі сөзсіз үлкен мақтанышқа лайық. Сондықтан осы дипломдарыңыз құтты болсын! Сіздердің енді көпшіліктеріңіздің университеттің құрылымдық бөлігін бітіріп жатқандықтан, осы балалардың 70-80%-ы біздің қарашаңырақтың студенті атануға тиісті деп есептеймін. Енді алда тұрған асу - кешенді тестілеуді сәтті тапсыруларыңызды тілеймін. Көпшіліктеріңіздің жүректеріңізде аялап жүрген армандарыңыз бар, ол жоғары оқу орнының студенті атану. Сіздерді қыркүйек айында осы ҚазҰУ-дың орталық алаңында салтанатты түрде барлықтарыңызды ҚазҰУ студенті деп қабылдайтын болайық. Соған шын жүректен тілектеспін», - деп ақжарма тілегін арнады. Сондай-ақ, осы салтанатта жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты Жарылқасын Жаппасовда арнайы сөз алып, жас түлекке сәт-сапар тіледі.

ҚазҰУ колледжі директоры, п.ғ.кандидаты, доцент Райхан Нұрқанова: «ҚазҰУ-дың 80 жылдығында диплом алып отырған бұл он екінші түлек болса, осы он екі жыл ішінде колледжден екі мыңға жуық түлек биікке қанат қаққан болатын. Биыл ҚазҰУ колледжінен қаржы, есеп және аудит, аударма ісі және құқықтану мамандықтары бойынша 201 түлек бітіріп отыр. Олардың барлығы да мемлекеттік сынақтарда үлкен нәтиже көрсетіп, колледждің үлкен мақтанышына айналды», - деп ойымен бөлісті.

Ұстаздар мен ата-аналар алдында барлық колледж бітіруші түлектер атынан оқуда озат, қоғамдық жұмыста белсенділік көрсеткен ПК-302 тобының студенттері Н.Ержан мен Ұ. Жиенқұл сахнаға шығып, колледж бітіруші түлектерінің антын беру рәсімін орындады. Салтанатты ант беру рәсімінен кейін елімізге белгілі өнер жұлдыздары Алишер Каримов, Әділ Сламхан, Малика Есмухамбетова, Серік Ибрагимовтер әсем ән шырқап, «Бақыт» би ансамблі көркем биімен ерекше көңіл-күй сыйлады. Содан кейін кештің ең көрікті сәті «Колледж бітіру туралы» диплом құжатын тапсыру рәсімімен жалғасын тапты.

Бұл шынында да қуанышты сәт. Ешқашан ұмытылмайтын, естен кетпейтін шақ. Алар орны да, мағынасы да терең сәт. «Қашан диплом алатын күнге жетер екенбіз!», - деген жүрек дүрсілінің қуанышты қауышқан сәті. «Колледж бітіру туралы» бұйрығын колледж директорының оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Мадина Аппакова оқыды. Колледждің «құқықтану» мамандығының түлегі Айсұлу Оразғалиева: «Бүгін аяулы ұстаздарыммен, қимас достарыммен биікке қанат қағып барамыз. Барлығымыздың да алға қойған мақсатымыз бар. Сол мақсаттарымызды, міндеттерімізді орындауға ұмытылудамыз. Бізді білім әлемінде өз мамандығымызға сай маман болуға қалыптасуға жол салған барша ұстаздарымызға алғысым шексіз. Олар біздің қамқоршымыз, тілекшіміз. Енді ұстаздарымыз үміт күткен солбір асудан да сәтті өтерміз. Армысың асқар шың, сенің де биігіңе шығар күн жақын...»,-деп жүрек лүпілімен бөлісті жас түлек.

Жолың болсын, жас түлек!

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі