- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Түркі әлемі: тіл, тарих және мәдениет» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтеді
«Түркі әлемі: тіл, тарих және мәдениет» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтеді
2014 жылдың 3-4 шілде аралығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Тыва гуманитарлық зерттеулер институты, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетімен бірлесе «Түркі әлемі: тіл, тарих және мәдениет» атты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 80 жылдығына орай белгілі түркітанушы-тілші және этнограф-ғалым, филология ғылымдарының докторы, академик Алтай Сәрсенұлы Аманжоловтың 80 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы өтеді.
Академик Алтай Сәрсенұлы Аманжолов – Талас өзені мен Қазақстанның оңтүстігінен табылған көптеген қойтастар, петроглифтер, руникалық жазулардың құпия сырын ашып, олардың мазмұнымен алғаш таныстырған зерттеуші ғалым. Ол түркі халықтары жазу мәдениетінің қайнар бастауы VІ – VІІІ ғасырлардан емес, одан да көне – сонау сақтар мен ғұндар дәуірінен басталатыны туралы аса құнды ғылыми ой айтқан. Бұл ойын 1970 жылдары Іле бойындағы Есік қорғанынан қазба жұмыстары нәтижесінде табылған күміс тостағаншадағы 26 таңбадан тұратын руникалық жазуды зерттеп, соны негізінде дәйектеген еді.
Академик Алтай Сәрсенұлы Аманжолов – түркі халықтарының баға жетпес асыл мұрасы көне түркі жазба ескерткіштерінің, яғни көне түркі жазуларының құпиясын ашуда, түркі тілдерінің тарихы, графикалық лингвистика, сондай-ақ жалпы түркітану саласында құнды ғылыми-теориялық еңбектер қалдырған ғалым ретінде елімізде ғана емес, сондай-ақ шетелдерде, әлемдік түркітану ғылымында танымал ғалым.
Бүгінгі аталмыш халықаралық конференцияның алғашқы күнінде А.С.Аманжолов туралы «Өнегелі өмір» бейнефильмі көрсетіліп, «Өнегелі өмір» сериясымен жақын арада жарық көрген А.С. Аманжоловқа арналған кітаптың тұсаукесері өткізіледі. Және ғылыми-теориялық конференция «түркітану ғылымының өзекті мәселелері», «тіл және семиотика, тіл мен жазу», «тарих, археология және этнология», «тіл және мәдениет» бағыттарында жұмыс істеп, тіл білімі мен түркітану ғылымының бүгінгі күнгі өзекті мәселелерін отандық және әлемнің түрлі елдерінен, атап айтқанда, Польша, Ресей, Тува, Корея, Әзірбайжан, Қырғызстаннан келген ғалымдардың талқылауына ұсынбақ.
Белгілі түркітанушы-тілші және этнограф-ғалым, филология ғылымдарының докторы, академик Алтай Сәрсенұлы Аманжоловтың 80 жылдығына арналған XVІІ Аханов тағылымы «Түркі әлемі: тіл, тарих және мәдениет» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы 4 шілде күні конференция қатысушыларының «Таңбалы тас» көне түркі жазулары ескерткіштері орын алған мекенге саяхатымен аяқталады.