Ұлттық Студенттік футбол лигасының тұсаукесері өтті

24 шілде, 2014

24 шілдеде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Ұлттық Студенттік футбол лигасының» тұсаукесері өтті. Лиганы құру туралы кеңеске ҚР Білім және ғылым министрі А. Сәрінжіпов, Қазақстан Футбол Федерациясының вице-президенті С. Байшақов, Қазақстан футбол федерациясының Бас менеджері А. Уранхаев және Алматыдағы ЖОО ректорлары қатысты.

Алқалы жиында ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов университет мақсаты тек білімді маман даярлап қоймай, еліміздің жан-жақты тұлғасын қалыптастыру, дені сау ұрпақ тәрбиелеу екенін, әрбір оқу орны жастардың бұл бастамада озық нәтижеге жету жолында қолдау көрсететінін атап өтті.

2014 жылдың 12 мамырында ҚР БҒМ Мен ҚФФ арасында «Ұлттық Студенттер лигасын» құру туралы меморандумға қол қойылған болатын. Аталған құжат білім беру ұйымдары арасындағы футболды дамытып, жастарды салауатты өмір салтына шақыруға бағытталған. Ал 14-25 мамыр аралығында Астаналық ЖОО арасында алғашқы турнир өтіп, көпшіліктің қолдауына ие болды. Сәтті өткен бірінші тәжірибелік маусымнан соң, «Футболдан Студенттер лигасын» құру қолға алынуда. Келесі маусым 2014 жылдың күзінен басталады. Оған Астана қаласындағы ЖОО-дан 8 команда және Алматы қаласындағы ЖОО-дан 8 команда қатысады. ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов өз сөзінде аталған лиганың мақсаты мен жастарға салауатты өмір салтын насихаттаудағы рөліне тоқталды. «Әлемдегі ең жанкүйері көп спорт түрі – футбол. Қазақ жастарының да футболға қызығушылығы өте жоғары. Батыс елдерінде, Америкада спорт түрлерінің көбі студенттер лигасынан бастау алады. Сондықтан, бұл лигадан күтеріміз көп» деп атап өтті министр.