«Керемет» шынында да керемет!
Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде алғашқы рет әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірыңғай ресурстық «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы шаңырақ көтерді. Мұндай орталықтар тек Еуропаның алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің жоғары білім беру орындарында ашылған. Орталық ұлы Шығыс ғұламасы әл-Фарабидің трактаттарында сипатталатын, қайырымды да ақылды қала құру туралы идеясының желісінде университет ректоры Ғ.Мұтановтың бастамасымен өмірге келді.
Бүгінде орталықта тіркеуші, студенттер кеңсесі, төлқұжат үстелі, шетел студенттері үшін академиялық мобильділік бөлім, бухгалтерия, жастар ұйымдарының комитеті қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, «Халыққа қызмет көрсету орталығының» да осы жерден орын алғанын айта кеткен жөн. Аталмыш орталық» тек студенттерге ғана емес, қала тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Ол заманауи технологиялармен жабдықталған. Мұнда алғашқы жедел жәрдем көмегінен бастап, УДЗ, ЭКГ, т.б. медициналық қызметтер көрсетіледі. Саяхат жасап, сапар шегемін деушілер де осы орталықтан өз қажеттерін таба алады. Заңгерлік және банктік қызмет көрсету мүмкіндіктері де қарастырылған. Ал төменгі қабатта супермаркет, сұлулық салоны, фотоателье, киім жуу орны мен кітаптар дүкені орналасатын мини-МEGA құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Сайран Баяндинова,
«Керемет» студенттергеқызмет көрсетуорталығының директоры.
АЛМАТЫ.