"Алаш айнасы" газеті

24 шілде, 2014

Футболдан студенттер ұлттық лигасының тұсауы кесілді

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоратында футболдан Студенттік лиганың тұсаукесер рәсімі өткізілді. Оған ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов қатысты, деп хабарлайды «Алаш айнасы» газеті.

Студенттік лиганың тұсаукесер рәсіміне еліміздегі бірнеше жоғары оқу орындарының ректорлары, отандық футбол федерациясының басшылары, спорт қайраткерлері, футбол ардагерлері қатысты.
Жиынды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов ашып, ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов студенттік лиганың маңыздылығына тоқталып өтті.

Министр де, ректор да, футбол ойынының адамзат баласын баулап алатын сиқырына, оның бұқаралық сипатта ерекше дамығын спорт түрі екендігіне қысқаша ғана тоқталып өтті. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов та студенттік лиганың студенттер спортының дамытуға серпін берерін айтып өтті. Ал Қазақтың спорт және туризм академиясының ректоры Қайрат Закирьянов студенттік лиганы құру көптен бері көселіп, пісіп-жетілген шешім екендігін тілге тиек етті. Әрі өзі Қазақстан студенттік спорт федерациясының президенті ретінде осы лига негізінде футболдан ел құрамасын жасақтап, жазғы Универсиадаларға апаруға болатындығын көлденең тарты. Осы мәселені ойластыру керектігін шегелеп өтті. ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық ғылыми-практикалық денешынықтыру орталығының Бас директоры Марат Қошаев осы лиганы құру барысында жүргізілген зерттеулерден қысқаша баяндама жасап шықты. Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Сейілдә Байшақов та бұл лиганың қазақ футболына берері аз болмайтындығына, бәсекелестік күшейіп, кейбір студент-ойыншылар үшін үлкен футболға жол ашылатындығына сенімді екендігін білдірді.

Қазақстан футбол федерациясының Бас менеджері Асқар Уранхаев студенттік лигадағы біріншіліктің қандай жүйемен өткізілетіндігіне, басқа да ұйымдастыру барысындағы мәселелеріне тоқталып, өз тұжырымдарының бәрін слайд арқылы тізбектеп шықты. Тіпті студентер лигасының ойындары tv.ffk.kz сайты секілді жеке сайт арқылы көрсетіліп отыратындығы да жоспарда бар екен. Студенттер лигасындағы командалар "Umbro" сапалы спорттық киім-кешектерімен қамтамасыз етілетіндігі де Бас менеджердің баяндамасына арқау болды. Қазақстан футболшылары мен жаттықтырушылары кәсіподағының төрайымы Әйгерім Сабралиева мұның Азия аймағындағы тың бастама екендігіне көңіл аударып, УЕФА хартиясын жүзеге асырып, футболды бұқаралық сипатта дамытуға қолдау көрсетіп отырған ҚР Білім және ғылым министріне алғысын жаудырды.

Жалпы, Қазақстан футбол федерациясы мен студенттер лигасының арасындағы ынтымақтастық Меморандумына биыл 12 мамырда қол қойылған. Енді, міне, жобасы бекітілген, студенттік лиганың тұсауы кесіліп отыр. Негізі еліміздің барлық өңірін қамту жоспарланған. Бірақ алғашқы додасына Астана және Алматы қалаларының 16 жоғары оқу орыны қатыспақ. Қарағанды және Шымкент қалаларындағы 16 ЖОО кезекте тұр десек те болады.

Биылғы дода қазан айында басталады. Әр қалада сегіз ЖОО командалары електік сында бақ сынайды. Өткізілу мерзімі: 1.10.2014 – 15.11.2014 жж. Ал финал Астанада өтеді. Оған әр қаладан төрт үздік командадан қатысады. Өткізілу мерзімі: 1.10.2014 – 15.11.2014 жж.26.11.2014 – 01.12.2014.

Сонымен студентер лигасына ақ жол тілеп, іске сәт демекпіз. Көш жүре түзеледі дегендей, әлі ойдағы барлық жоспарлар толыққанды жүзеге асып, бұл бүкілреспубликалық сипатта дамып, қанатын жая береді деп үміттенеміз.

Автор: Нұрғазы Сасаев