Сәбина Алтынбекова - ҚазҰУ студенті
Қытайдың Тайпей аралында өткен волейболдан Азия біріншілігі сынына қатысуға жолдама алып, ел намысын қорғау сынында Сәбина Алтынбекова – Қытай мен Тайпей, Азия құрлығының миллиондаған табынушысын өзінің сұлулығымен тәнті еткен болатын. Арада күн өтпей жатып, Сәбинаның сұлулығын әлем таныды. Әлемді сұлулығымен баураған ол мектеп бітіріп, студент атанды. Өз таңдауын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен ұштастырды.
Сәбина Алтынбекова 80 жылдық тарихы бар қарашаңырақ ҚазҰУ-ды таңдап, осында оқуға түскеніне қуанышты екендігін білдірді. Волейболшы сұлу қыз енді ҚазҰУ-дың биология және биотехнология факультетінің «дене шынықтыру» мамандығы бойынша білім алатын болады. Неліктен дәл осы университті таңдадың деген сауалымызға Сәбина Алтынбекова: «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін таңдау менің кәсіби мамандығымның тікелей көшбасшылық тұғырына жеткізетін бір үлкен биігі деп түсінемін. Қазақстандағы білім-ғылымның биік ұстаханасы. Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырып жоғары ұпай жинаған күннен-ақ, осы оқу орнына құжаттарымды тапсырдым. Мен 10 сынып оқып жүрген кезден ҚазҰУ-ды жақсы танитынмын. Достарыммен бірге бірнеше рет ҚазҰУ қалашығын аралаған кезіміз де болған. Әрине, бұл – қасиетті білім ордасы және бірегей, теңдессіз қалашық. Маған бұл университет өте қатты ұнайды және білім сапасы да жоғары деп ойлаймын. Алыстан асқақтаған Алатаумен дидарласқан білім кемесінде оқу – Қазақстандағы көп жастың арманы. Міне, мендегі арман да сол сияқты»,-деді.
ҚазҰУ-ға мемлекеттік грант бойынша жоғары ұпаймен оқуға түскен Сәбина алғашқы дәріске де қатысып үлгерді. Енді ол өзінің спорттық мансабын біліммен қоса қатар алып жүрмек. Оның кәсби спортшы болуға талпынысы жоғары. Қазақстанның атын сұлулықтан емес, спортпен даңқын асқақтату оның алдағы ең үлкен мақсаты. Сұхбатта Сәбина «өз елмнің патриотымын!»,-деп ерекше сезіммен айтты. Ұлттық университті таңдаған студенттің ұлттық намысы да осындай бола бермек!