Әскери істі заман талабына сай оқып-үйрену!

5 қыркүйек, 2014

1 - қыркүйектен бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әскери кафедрасында білікті талдаудан өткен студенттермен, әскери дайындық бойынша сабақ басталды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Бастапқы әскери дайындықты ұйымдастырып өткізу, сонымен қатар оқу-материалдық базаны қалыптастыру, азаматтарды әскери дайындыққа дайындау» 2013 жылғы 11 ақпанында бекіткен №118 үкіміне сәйкес, осы жылы әскери кафедраға оқуға түскен, біздің университеттің 350-ден астам студенті әскери дайындықты өткереді.

Әскери дайындықтың бірінші күндері әскери мамандыққа енгізуді ұйымдастыру сабақтарын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әскери кафедрасының бастығы полковник Ерназар Хамидуллаұлы Ишанов өткізді. Сабақ барысында полковник Ишанов Е.Х. Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қарулы Күштерге қойған талаптарын жеткізді, әскери кафедраның бай тарихы туралы айтты, әскери кафедра бсшылығымен таныстырып өтті. Студенттерге әскери дайындық өткеру барысында және күнделікті қойылатын талаптарды түсіндіруге ерекше назар аударылды. Сабақ барысында студенттер кафедраның оқу-материалдық базасымен, аудиториялармен, кітапхана, оқу-жаттығу кешендермен және ату тирімен танысты.

Әскери кафедраға оқуға түсу үшін 2014 жылдан бастап кандидаттарды талдау талаптары күшейтілгенін бірінші курс студенттері ойда тұтуы қажет. Талдаудың ең басты өлшемдерінің бірі факультетіндегі сабақ үлгерімі. Сабақ үлгерімі нәтижесінде, қысқы және көктемгі сессиялары үлгерімі бойынша әр түрлі берешектері бар көптеген студенттер кандидаттар ретінде қарастырылмады.

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бекіткен талдау тәртібімен келесі өлшемдер енгізілді:

1) Жергілікті әскери басқару органдарының шақыру комиссияларының медициналық куәләндіру қорытындысы;

2) Оқу орындарының әскери кафедраларына оқуға түсуші абитуриенттер үшін белгіленген дене шынықтыру дайындығы бойынша нормативтерді орындау қорытындысы;

3) Психологиялық талдау қорытындысы;

4) Студенттің оқу орнындағы үлгерімінің орташа балы, емтихан тапсыру нәтижесінде анықталған.