- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде факультетаралық пікірсайыс турнирі болып өтті...
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде факультетаралық пікірсайыс турнирі болып өтті...
Өнер алды - қызыл тіл
«Толғауы тоқсан қызыл тіл, сөйлеймін десең өзің біл» деп Абай атамыз айтқандай, әр сөздің өз қисыны мен қиюының тұрақты орны бар. Дәл осылайша оза ойлап, орынды сөйлейтін «Алтын сапа» пікірсайыс клубының жастарына шешендігін сынайтын сәт туған болатын. Бұл - қарашаның бірінші жұлдызында, философия және саясаттану факультетінде оқу ордамыздың жас пікірсайысшылары арасында өткізілген факультетаралық пікірсайыс турнирі.
Қос лиганың қазақ және орыс тілді жастарының басын қосқан шешендік сайысы университетіміздің студенттер Сенатының тікелей қолдауымен өтті. Оқу ордамыздағы жастар ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлім басшысы Меңдігүл Сағатқызы ашылу салтанатында жастарға сенім білдірумен қатар үлкен жауапкершілік артып, пікірсайысқа әділ төрелік етті. Студенттер Сенатының төрайымының орынбасары, осы саладан түлеп ұшқан пікірсайыс жанашыры Нұрсұлтан Құрманның пікірінше, дәл осындай пікірсайыс турнирлері жастардың шешендігін шыңдап, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға зор мүмкіндік береді.
Тартысты сайыста түрлі тақырыптар төңірегінде ой қозғалып, пікірсайысшылар өзекті мәселелерді шешуге өз үлестерін қосуға тырысты. Мысалға, халыққа тегін әлеуметтік қызмет көрсету, 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету және ДСҰ-ға мүше болып кірудің елімізге тиімді артықшылықтары мен мүмкін болар кемшіліктері талқыланса, қара шаңырағымыздағы білім беру саласын дамытуға, мемлекеттік рәміздердің насихатталуын арттыруға және студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға жастар тарапынан ұтымды ұсыныстар айтылды. «Ақыл - жастан» демекші, жоғарғы оқу орнының табалдырығын күні кеше ғана аттаған жас өрендеріміз елдегі саяси, экономикалық және әлеуметтік маңызды мәселелерді жоғары деңгейде саралай біліп, зияткерлік қабілеттерімен көпшілікті тәнті етті.
Тек қазақ лигасының өзінде сайысқа түскен оннан астам фракция арасында жеңімпазды анықтау оңайға түскен жоқ. Алайда, қара қылды қақ жаратын әділдігімен әйгілі «Азамат жастар парламентінің» тәжірибелі пікірсайысшылары бас жүлдені экономика және бизнес факультетінің 1-курс студенттері Қонысбаева Әсем мен Сыпатаева Айманның «Болашақ» фракциясына берді. Екінші жүлделі орынды философия және саясаттану факультетінің «Триумф» фракциясы иеленсе, үшінші орынды филология факультетінің «Әл-Фараби» фракциясы місе тұтты. Сонымен қатар, турнир барысында көркем ой, көсем сөздерімен көзге түскен үздік пікірсайысшылар мен әділ төрелік еткен үздік төрешілер де мақтау қағаздарымен марапатталды.
Орыс лигасы бойынша география факультетінің студенттері Жолдаякова Әлиә мен Ботанов Руслан жеңімпаздар атанды.
Ойында қарсылас болғанымен, өмірде дос болатын пікірсайысшылардың аға буын өкілдері артынан ерген жас ұрпақты жаңа кезеңге қадам басуымен құттықтап, турнирдің қызықты сәттерін еске ала отырып тарқасты.
Серт сөзді, семсер тілді, сегіз қырлы, бір сырлы жастарымыздың қатарын көбейтетін осындай ақиқат алаңдары арта берсін!
Жидебекқызы Ақнұр
8702 66 00 337