Спорт - денсаулық кепілі. Осы қағиданы ұстанған жастар саны күннен күнге көбейіп, спортқа ден қойған жас ұрпақтың төбесі әлемдік дәрежедегі додалы жарыстардан жиі - жиі көрініп жүргені, әрине, қуанарлық жайт. Оған үлкен септігін тигізіп, жеңімпаздарды іріктейтін, салауатты өмір салтын нық ұстануға бастама болатын спартакиадалардың өткізіліп отырылуы маңызды.
Үстіміздегі айдың 14 - 18 күндері аралығында ҚазҰУ Студенттер Сенатының кубогы үшін университет жатақханалары арасында спартакиада өтті. Сенат кубогы спорттың екі түрі бойынша ортаға салынды: ұлдар арасында футболдан, қыздар арасында волейболдан. Сонымен қатар, спорт апталығы барысында жатақхана студенттері таңертеңгілік жаттығуға шығып, өздерінің аталған шараны қолдайтындықтарын көрсетті. Орта есеппен күніне 300-ден аса студент осы шараның қатысушысына айналды.
Алайда қатысушылар асыға күткен сәт те алыс емес еді. Ұлдар арасында футболдан жарысқа қатысуға 13 жатақханадан 22 команда өтініш білдірді. Мұндай белсенділік қатысушыларды да, ұйымдастырушыларды да доданың тартысты өтетініне сендіргендей болды. Жарыстың алғашқы күні бес жұп, екінші күні алты жұп өзара күш сынасса, жарыстың үшінші күні тағы бес жұп өз өнерлерін ортаға салды. Үш күн қорытындысы бойынша алты команда жартылай финалда ойнауға мүмкіндік алды. Дүйім жұрт асыға күткен жартылай финал және финал ойындары апталықтың төртінші күні өткізілді. Жартылай финалда 1-ші және 13-ші, 9-шы және 4-ші, 4-ші және 7-ші жатақхана командалары өзара бақ сынасып, ақтық сынға 13-ші, 9-шы, 4-ші жатақхана командалары тікелей жолдама алды. Ақтық бәсеке өте тартысты өткеніне күмән жоқ. Алғашқы ойында 4-ші және 13-ші студенттер үйінің командалары ала допты ортаға салып, алғашқылары 3:0 есебімен жеңіске жетсе, екінші ойында 9-шы, 13-ші жатақхана студенттері күш сынасты. Мұндағы есеп 5:1. Студенттер Сенаты кубогының тағдыры соңғы ойында шешілді. 4-ші жатақхана студенттері 9-жатақхана командасына қарсы ойнап, 5:1 есебімен жеңіске жетті. Осылай аталмыш жатақхана студенттері ҚазҰУ Студенттер Сенаты кубогының алғашқы иегерлеріне айналды.
Қыздар арасындағы волейболдан өткен сайысқа келсек, мұнда 12 команда өнер көрсетті. Жарыс жоғары дәрежеде өтіп, жұрт көңілінен шықты деген ойдамыз. Үшінші орын №18 студенттер үйінің командасына, екінші орын №7 жатақхананың командасына берілді. Ал бас бәйге №14 жатақхана аруларының қанжығасында кетті.
Апталықтың жабылу және марапаттау салтанаты бесінші күні өткізілді. Сол күні ҚазҰУ қалашығы территориясында 150 - ге жуық студент қатысқан ақтық марафон жарысы ұйымдастырылды. Тартысқа толы болған жарыста ұлдар арасында №14 жатақхана студенті мәреге бірінші жетсе, қыздар арасында №16 студенттер үйінің спортшысы алдына жан салмады. Осылай үлкен дәрежеде өткізілген шара да өз мәресіне жетті.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Апталық бойы белсенділік танытып, алайда жүлдесіз қалған жатақханалар да марапаттаудан шет қалмады.
Аталмыш шараны ұйымдастыруда Студенттер Сенатына үлкен қолғабыс еткен ҚазҰУ Дене шынықтыру кафедрасының оқытушыларына үлкен алғысымызды білдіреміз. Дене шынықтыру кафедрасы мұғалімдерінің көмегінсіз осындай шараны ұйымдастыру жоғары дәрежеде болмастығын атап өткен жөн шығар.
Студенттер Сенаты кубогы үшін өтетін жарыс алдағы уақытта да жалғасын тауып, спорт түрлерінің саны екіден көп болатынына сенгіміз келеді...
Халықаралық қатынастар факультетінің
2 - ші курс студенті
Арынов Жәнібек