ҚазҰУ студенттері – Азиада чемпиондары

29 қыркүйек, 2014

Алматы әуежайында ҚазҰУ жаттықтырушылары, студенттер мен оқытушылар үлкен қуанышпен Инчхонда (Оңтүстік Корея) өтіп жатқан XVII Азия ойындарының жеңімпаздарын Елдос Сметов, Мәриям Ордабаева, Дмитрий Баландинді қарсы алды. Жанкүйерлер өз батырларын құттықтап, ізгі тілектерін білдіріп, олардан қолтаңба алды.

Салтанатпен, қуанышпен қарсы алған – биология және биотехнология факультетінің студенті Дмитрий Баландин болды, ол 50, 100 және 200 метр қашықтықта жүзу бойынша үш алтын медальді алды. Ол спорт шебері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері, ҚР жасөспірімдер біріншілігі және Жалпыресейлік жарыстардың жеңімпазы.

«Бұл жеңіс жеңіл жолмен келмеді, үлкен жұмыс жасалды. Мен осының бәрі бекер жасалмағанына қуаныштымын. Үш «алтын» жеңіп алу – бұл керемет сезім, мен оны сөзбен жеткізе алмаймын. Мені қолдағандардың бәріне, ата-анама, достарыма және өзімнің жаттықтырушыма алғыс білдіремін. Менің дайындығыма атсалысқандарға ризамын», - деп Дмитрий өз сезімімен бөлісті.

ҚазҰУ студенті Елдос Сметов жарыста дзюдодан бірінші орын алды. Ол 60 келі салмақта Моңғолиядан келген әлем чемпионы Ганбат Болдбаатормен сайысып, Қазақстанға «алтын» әкелді. Елдос сондай-ақ, ерлер арасындағы командалық біріншілікте күміс медаль иеленді. Е.Сметов халықаралық класс бойынша спорт шебері, 2011 жылдың әлем чемпионы. Оның үлесінде бірнеше халықаралық ауқымдағы жеңістер бар.

Заң факультетінің студенті Мәриям Ордабаева 70 келі салмаққа дейінгі дәрежеде қола жүлдегер атанды. Ол спорт шебері, көп жылдар бойы Азия және халықаралық жарыстардың чемпионы атанып жүр.

XVII жазғы Азия ойындарында ҚазҰУ-дың өзге де студенттері қатысып, жақсы көрсеткіштермен бақ сынауда. Заң факультетінің студенті Екатерина Руденко 50 метр және 100 метр қашықтықта шалқалап жүзуден екі күміс медаль алды. Ал биология және биотехнология факультетінің студенттері Юлия Живица мен Тамара Почекутова (қылыш), Эльмир Әлімжанов (семсер) ойынның қола жүлдегерлері атанды.

ҚазҰУ Қазақстанды халықаралық аренада танытқан спортшы саңлақтар тобын тәрбиелеп шығарды. Олардың арасында университет түлектері – баскетболдан Олимпиада және әлем чемпионы Надежда Ольхова, биіктікке секіруден Олимпиада ойындарының қола жеңімпазы Ольга Турчак, велоспорттан КСРО халықтары спартакиадасының және чемпионатының қола жүлдегері Дәулет Сапажанов, дзюдодан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Асхат Жіткеев, каратэ-до әлем чемпионы Әлібек Пренов, бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов, Лондонда өткен Олимпиада ойындарының чемпионы – ауыр атлетші Светлана Подобедова және тағы басқа. Сабақтастық бүгін де жалғасын тауып отыр, спортшылардың жас буыны жоғары шеберлік көрсетіп жатыр және әлемдік деңгейде жетекші орындарды алып келеді.

ҚазҰУ-да дене шынықтыру мен жаппай спортпен шұғылдану, жастардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға барлық жағдай жасалған және техникалық база – стадион, спорттық кешен, ашық алаңдар, дене шынықтыру және спорт кафедрасы, жоғары кәсіби оқытушылар мен жаттықтырушы құрамы бар.

Осы жылы жүзу бассейнінің құрылысы басталды. Университетте отыздан аса спорт түрі жұмыс істеп келеді. Секциялардың клубтық түрі студенттерге ыңғайлы және оларға тиімді уақытта айналысуға мүмкіндік беріп отыр.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі