Қазақстанның ядролық әлемге қарсы жолы

30 қыркүйек, 2014

26 қыркүйекте халықаралық қатынастар факультетінде Қазақстан Республикасындағы БҰҰ ақпараттық департаменті өкілеттігінің, Алматы қаласындағы ҚР СІМ өкілеттігінің және Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі (АӨЫСШ) Кеңес Хатшылығы бөлімінің қолдауымен «Полигон 29-тамыз» атты Халықаралық қайырымдылық қоғам қорымен бірге Халықаралық ядролық қаруды толықтай жою күніне және Семей полигонының жабылуы туралы ҚР Президенті Қаулысының 23 жылдығына арналған халықаралық дөңгелек үстел өтті. Шараға АҚШ, Ресей, Қытай, Венгрия, Оңтүстік Корея дипломатиялық миссиясы, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ), ҚДП «Ақ жол», бұқаралық ақпарат, академиялық қауымдастық өкілдері мен Семей ядролық полигонының қатысушылары атсалысты.


Факультет деканы Кәрімжан Шәкіров құттықтау сөзінде осы шараға қолдау білдіргендерге алғысын жеткізді. БҰҰ ақпараттық департаментінің өкілі Властимил Самек ядролық қарудан бас тартудың бүкіл әлемдік қауымдастық үшін маңыздылығын атап өтті. Дөңгелек үстел қатысушылары «Полигон 29-тамыз» қоғамының төрағасы – Нұрлан Бозтаев, ҚР-дағы Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі (АӨЫСШ) консул – Альнур Жұманбеков, ҚР-дағы атомдық энергия коммитетінің төрағасы – Александр Ким, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) бас қызметкері – Даурен Әбен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының доценті – Жан Кошербаев, халықаралық құқық кафедрасының доценті – Жайсанбек Аманжоловтардың баяндамаларын үлкен ыждаһаттылықпен тыңдады. Олар ядролық қаруға қарсы күрестің өрлеуін, осы саладағы әлем елдерінің ынтымақтастығын, қазіргі күннің өзекті мәселелерін және жаппай қырып жою қаруына тыйым салу қажеттігін талқылады.

Сондай-ақ дөңгелек үстел аясында «29-тамыз Полигоны» Қорының атынан Жаһандық тұрақтылық тұжырымдамасының бағдарламасы ұсынылды. Оның мазмұны ядролық қарудан тыс аймақтар құру, стратегиялық ядролық күштерді қысқартудың жолдары, атом электрстанцияларының (АЭС) болашағы мәселелерін қамтыды. Сонымен қатар «Ядросыз әлем» атты деректі фильмнің көрсетілімі ұйымдастырылады. Фильмде ядролық қарудың пайда болу тарихы баяндалды, қырғи қабақ соғысы барысындағы екі ұлы державаның өзара текетіресінің өрбуі, СИЯП-тың жабылуы және ядросыз әлем үшін Қазақстанның рөлі баяндалады.

Шара соңында БҰҰ еріктілер орталығының студенттері Қазақстан жастарының ядросыз әлемдегі орындары туралы интерактивті презентациясын ұсынып, барлық қонақтарға қағаздан жасалған ядролық қаруға қарсы ақ тырналарды сыйға тартты.