«Темекіге жол жоқ» жастар маршы
30 қазан күні Алматыда жастар арасында шылым шегуге қарсы «Темекіге жол жоқ» акциясы өтті. «Алматы қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы» мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Алматы - темекі түтінінен таза қала» бағдарламасы аясында аталған шеруді ұйымдастырды.
Таңертеңгісін әл-Фараби мен Достық көшелерінің қиылысында «Темекіге жол жоқ» атты жастар маршы өтті. Марш Достық даңғылының бойындағы «Форум» бизнес-орталығынан басталып, Абай даңғылы, одан Жандосов көшесімен Манасқа, Тимирязев даңғылымен ҚазҰУ қалашығына дейін созылды. (Есентай өзені).
Шараға ҚазҰУ-дан мыңдаған және қалалық ЖОО-дан жүздеген студенттер, сонымен қатар «Қазақстан студенттері альянсы» қозғалысының өкілдері қатысты. Марш аясында атқосшы платформалық машиналар шылым шегудің қандай түрі болса да, мейлі ол, темекі, кальян, насыбай болсын, зияндығы жөнінде ақпараттық үндеухаттары мен буклеттерді таратты.
«Темекіге жол жоқ» маршы өмірдің жарқын жақтарын, адамзат баласының қуанышын насихаттауға бағытталған. Аталмыш шара Алматыда бірінші рет өткізіліп отыр, оның алғашқы белсенділері болып әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері атанды.
Алматы студенттердің бұл акциясы қала тұрғындары мен жастар қауымы арасында талай адамдардың өмірін қыршынынан қиып жатқан темекі дертімен күресу қадамдарын кеңінен насихаттайды. Акция қатысушыларының пікірінше қазіргі таңда денсаулыққа аса зиян тигізбейтін темекінің «жұмсақ», «жеңіл», «жалбыз қоспасы бар», «сәнді» темекі түрлері кәдімгі қарапайым темекіден ешқандай айырмашылығы жоқ екендігін ашық айтатын кез келді.
Марш ҚазҰУ қалашығының Студенттер сарайы алдында ашық аспан астындағы Ерлан Көкеевтің басшылығымен «К7» тобының концерттік бағдарламасымен аяқталды.
Сондай-ақ аталмыш шара Алматы қ. әкімшілігі мен Алматы қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы, Мамандардың салауатты өмір салтын қалыптастыру ассоциациясы мен «Via Communications» агенттігінің «Асыл Алма» (www.asylalma.kz) сыйлығын қолдауға арналды. «Асыл Алма» сыйлығы байқау негізінде салауатты өмір салтын қалыптастырудың белсенді жақтасы болуға қосқан үлесі үшін берілетін тұңғыш тәуелсіз сыйлық.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі