ҚазҰУ қалашығында күзгі жәрмеңке өтті

20 қазан, 2014

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының жанында азық-түлік жәрмеңкесі өтті.


Жәрмеңкенің мақсаты – студенттермен оқытушыларға, алыс ауданнан келген тұрғындарға өз тауарларын жеңілдетілген бағамен сату. Бұл ҚазҰУ қалашығы басшылығы, «Парасат» қызметкерлер кәсіподағы мен Қарасай ауданы әкімдігінің үш жақты келісімі бойынша ұйымдастырылған үлкен іс-шара. Жәрмеңкеде көкөніс, жеміс-жидек, ет, сүт, ірімшік, айран, құрт, ет және т.б. тауарлардың түр-түрі болды. Мұндағы сатушылар алыс аймақтардан келіп, өз өнімдерін орташа көрсеткіш бағамен, базардағы бағаға қарағанда 20% пайыз жеңілдікпен сатты. Тағы бір ерекшелігі ауылшаруашылық өнімдері қолдан жасалып табиғи түрде өндірілуінде.

Жәрмеңкеге өнімдер Алматы облысының Бірінші май, Әйтей, Ұмтыл, Қаскелең, Іргелі, Райымбек, Елтай, Жандосов, Үшқоңыр ауылдық аймақтарынан келді.

Журналистика факультетінің аға оқытушысы, Шәрипа Нұржанова: «Базардағы бағалармен салыстырған бұл жер арзан. Оның үстіне бұл шаруалардың өзінің қолдан өсіріп алып келген өнімдері. Бұл студент үшін де мұғалім үшін де өте тиімді. Студенттерге азық-түлік өнімдері керек болса, алыстағы қаланың бір шетіне бармай, өзіміздің ҚазҰУ қалашығынан алу жақсы», - дейді.

Студенттер мұндай іс-шараның университет территориясында ұйымдастырылғанына ризашылықтарын білдіріп, өздеріне қажеттінің бәрін сатып ала алды. «Жалпы жәрмеңке болғаны дұрыс. Бұл іс-шара тек студенттерге ғана емес, Алматының тұрғындарына да қолайлы. Мысалы, ауылдан қолданатын қымыз, шұбат сынды ағарған өнімдерін қаладан көп таба бермейміз. Осы жәрмеңкенің арқасында шұбат алып тұрған жайым бар. Бұл іс-шараның аптасына кем дегенде екі рет ұйымдастырылып тұрса өте жақсы болар еді деп ойлаймын», - дейді филология әлем тілдері факультетінің 3-курс студенті Өмірхан Нұрхан.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі