ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтановтың кітабының тұсаукесері Германияда өтті (ФОТО)
АЛМАТЫ. 21 қазан. Baq.kz - Әлемдегі ірі баспа үйлерінің бірі «Springer» әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалым Мұтановтың «Mathematical Methods and Models in Economic planning, Management and Budgeting» атты кітабының тұсауын кесті, - деп хабарлайды Baq.kz тілшісіәл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Мерейлі шара Германиядағы «Frankfurter Buchmesse-2014» деп аталатын 66-шы халықаралық кітап көрмесі аясында өткізілді.
«Frankfurter Buchmesse 2014» – университеттердің, әлемдік баспа үйлері мен халықаралық мәліметтер базалары жетістіктерінің тұсауларын кесуге, өзара тәжірибе алмасулар мен қарым-қатынас шекараларын кеңейтуге бағытталған ірі халықаралық іс-шара. Жыл сайын «Frankfurter Buchmesse» көрмесіне әлемнің 100 мемлекеті мен 300 мыңнан астам адам қатысады.
Көрмедегі маңызды оқиға Қазақстан республикасы Білім және ғылым министрлігі мен халықаралық «Springer» компаниясының арасындағы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылуы болды. Аталған келісімшарт қазақстандық ғалымдарға заманауи ғылыми-техникалық әдебиетке – кітаптарға, журналдарға, конференция материалдарына қол жеткізуіне мүмкіндік береді және Қазақстан ғалымдарының ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасын арттыруға бағытталған.