ҚазҰУ-да «Ана тілі аруы» және «Жігіт сұлтаны» байқауының ақтық сыны өтеді
14-қараша күні Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Ана тілі аруы» және «Жігіт сұлтаны» байқауының ақтық сыны өтеді. Шара сағат 17-00 де басталады.Бұл байқауларды өткізудегі мақсат мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге ықпал ету, жастардың жеке тұлға ретінде дамуына, рухани кемелденуіне жәрдемдесу, заманауи қыздар мен жігіттердің шығармашылық және жоғары зияткерлік әлеуетін қалыптастыру, сондай-ақ салауатты өмір салтын, табиғи сұлулықты насихаттау.
Байқаудың алғашқы кезеңіне әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен 500-ге жуық үміткер қатысқан болатын. Олардың саны екінші кезеңде 90-ға дейін кеміген еді. Қатысушылардың интеллектуалды өресі, өнері, білімі сараланған бұл сында 13 факультеттен 8 қыз, 8 жігіт таңдалып алынды. Осы уақытқа дейін арулар өз қолдарымен қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап, жәрмеңке өткізіп, одан жиналған қаржыға жетім балалар үйіне қамқорлық іс-шараларын жүргізді. Ал жігіттер асық-ойнау, қол күрестіру, атта шабу сияқты ұлттық, спорттық сайыстар бойынша күш сынасты. Сондай-ақ тек спорттық қабілеті ғана емес, үгіт-насихат жұмыстары мен адамдармен қарым-қатынастары да бағаланды. Енді ақтық сында қатысушылар сәлемдесу, шеберлік сайысы, сұрақ-жауап сайысы, өнер сайысы, ұлттық нақыштағы заманауи сән үлгілерін көрсету бойынша өзара өнер жарыстырмақ.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылғы дәстүрлі шарада Экономика және бизнес жоғары мектебінің 1 курс магистранты Досхан Жалниязов «Жігіт сұлтаны – 2013» атанса, ал филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің 4 курс студенті Гүлзада Ізденова «Ана тілі» аруы – 2013» атағын иеленіп, ұйымдастырушылар мен демеушілер тарапынан сый-сыяпаттар алған болатын.