«Нұрлы Жол» Жолдауын тұрақты даму және адамзат қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болашақтың бағдаршамы деп қабылдаймын - Б.Ермекбаева

13 қараша, 2014

Елбасы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Нұрлы Жол» Жолдауын тұрақты даму және адамзат қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болашақтың бағдаршамы деп қабылдаймын.


Бүгінде бүкіл әлем саяси және экономикалық тұрақсыздықтың, қаржы-экономикалық дағдарыстың жаңа қатерлеріне тап болуда. Мұндай жағдайды терең түсінген, жаһандық дағдарыстың шырғалаңының шешуін табу жолдарын айқын көре білетін Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев экономикалық саясатты қайта бағдарлау қажеттілігін көрсетіп отыр. Қазақстанның Жаңа экономикалық саясаты «Нұрлы Жол» ел экономикасының құрылымдық реформасын жалғастыра отырып, экономиканы қайта құруға бағытталған. Өз жолдауында Елбасы Жаңа экономикалық саясаттың өзегі ретінде – инфрақұрылымды дамыту аясын атап көрсетті. Оның ішінде жол қатынасының айрықша маңыздылығын көрсетуі бұл саланың экономикалық дамудың тиімді құралы екендігін дәлелдейді.

"Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдың бойында. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тіршіліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар темір жолмен, тас жолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы Елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бір-бірімен сауда саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады. Осылай, алысты жақын ету – бүгінгі Жолдаудың ең басты түйіні болмақ", – деген Елбасының тұжырымы экономикалық дамудың жаңа бағытын айқындап отыр.

Жаңа нарықтың қалыптасуы, аймақтық экономикалық байланыстардың нығаюы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытады.

Ал әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту – адамзат үшін, адами капиталды дамытудың басты жолы.

Білім саласындағы олқылықтарды жою мақсатында Елбасы Үкіметке бұл салаға қосымша 70 млрд теңге көлемінде қаржы бөлуді тапсырды. Мектепке дейінгі білім беру саласына да, үш жылдың ішінде қосымша 20 млрд теңге қаржы бөлінетін болды. Еліміздегі 10 жоғарғы оқу орны индустриялизациялау бағдарламасы аясында ғылым мен экономика салаларының байланысын қамтамасыз ететін және мамандар даярлайтын жоғары оқу орындары болып қабылданған болатын. Елбасы «Нұрлы Жол» жолдауында бұл мәселеге де көрегендікпен қарап, 10 жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын қалыптастыруға 2017 жылға дейін 10 млрд теңге қаржы бөлуді Үкіметке жүктеді. Мұндай қамқорлық, білім-ғылым саласына деген Президентіміздің ерекше назары, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұжымының қызметіне жаңа серпіліс береді және жаңа белестерді алуға ұмтылдырады.

Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап Ұлт көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев шағын және орта бизнесті қолдау мәселесін ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Бұл салаға Елбасы тағы да үлкен қамқорлық көрсетіп, Жолдауда несие алудың бұрын болмаған жеңілдетілген шараларын да атап көрсетті. Кезінде Елбасының көрегендік саясатының нәтижесінде құрылған Ұлттық қор бүгінгі таңда тұрақты дамудың кепілі болып отырғанын бүкіл әлем мойындады. Қорыта айтқанда «Нұрлы Жол» Жаңа экономикалық саясат экономикамыздың дамуының қозғаушы күші және бағдаршамы дегіміз келеді. Жолдаудың мақсаты – адам өмірінің сапасын арттыру, әрбір қазақстандықтың өмірінің сапалы, ұзақ, жемісті болуы.

Баян ЕРМЕКБАЕВА,

Экономика және бизнес

жоғары мектебінің деканы