«Әл-Фараби мұрасы – рухани құндылығымыз» атты кездесу

21 қараша, 2014

2014 жылы 14 қараша күні шығыстану факультеті арабтану және ирантану кафедрасының ұйымдастыруымен университеттің «Айналаңды нұрландыр!» әлеуметтік-инновациялық жобасы аясында «Әл-Фараби мұрасы – рухани құндылығымыз» атты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, арабтану және ирантану кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты Тәжікова Клара Қажымқызымен кездесу өткізілді. Кездесудің негізгі мақсаты – ғылым жолындағы бар күш-жігерін әл-Фараби ғылымына арнаған аяулы ұстаздың еңбек жолы мен алған асуларын докторанттар, магистранттар мен студенттерге таныстыру болды.

Клара Қажымқызы өзінің ұзақ жылғы ұстаздық ғұмырында шәкірттеріне араб тілінің қыр-сыры мен өте бай мәдениеті және тарихын ғана үйретіп қоймай, сонымен бірге әл-Фараби бабамыздың мұрасымен сусындатқан ұлағатты ұстаз, бірнеше еңбектердің авторы. Жуырда ғана Клара Қажымқызының «Әл-Фараби және қазіргі заман» деп аталатын оқу құралының тұсауы кесіліп, Университеттің Ғылыми кеңесі шешімімен «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға сіңірген ерен еңбегі үшін» күміс медалімен марапатталды. Орта ғасырларда өмір сүрген, Аристотельден кейінгі әлемнің екінші ұстазы саналған әл-Фарабидің философиялық-ғылыми трактаттарын араб тіліндегі түпнұсқа еңбектерді орыс тіліне аудару және шығарманың негізгі айтылар ойын, қаймағын бұзбай аудару кез-келген аудармашының қолынан келе бермесі анық, осындай өте күрделі шығармалар Клара Қажымқызының аударма саласындағы ерен еңбегінің арқасында тәржімалануы біз үшін де, келешек ұрпақ үшін де үлкен мақтаныш, бай мұра екені даусыз.

Ғалым, ұстаз Клара Қажымқызымен өткен бұл кездесуде магистранттар мен студенттер ұстазға әл-Фараби бабамыздың трактаттарының философиялық мәні, қоғамға қатысты еңбектері туралы сауалдарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. Клара Қажымқызы өзінің осы ғылым жолындағы жылдарын, ғылымның инемен құдық қазғандай қиын екендігін, бірақ соған қарамастан ғылымға бар күшіңді салып еңбек ету өз жемісін беретіндігі жөнінде сыр шертіп, болашақ ғалымдарға осы жолда аянбай жұмыс жасауға тілегін білдірді.