ҚазҰУ профессорлары кітабының тұсаукесері ҚХР-ның Шанхай қаласында өтті

27 қараша, 2014

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қытайтану кафедрасында жарық көрген кітаптың тұсаукесер рәсімі ҚХР ең үлкен университеттерінің бірі Фудан университетінде өтті.


Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының профессоры Н. Алдабек және кафедра доценты П. Бектұрғанова Шанхай қаласындағы ҚХР-ның ең беделді университеттерінің бірі Фудан университетінде қытайтану кафедрасының оқытушыларынан құрылған авторлардың «Қытай мен Қазақстан модернизациясы» деген кітабының тұсаукесер рәсімін өткізді.

Фудан университеті жанынан құрылған Ресей, Орталық Азия және ШЫҰ-ны зерттеу орталығының директоры профессор Чжао Хуашен бастаған қытайлық ғалым-әріптестермен және сол университеттің магистранттары мен докторанттарымен кездесу өтті. Жаңадан шыққан монография қытайлық ғалымдардың, зерттеушілердің үлкен қызығушылығына ие болды, қытайлық мамандардың жақсы бағасын алды және отырыстың соңы өте тұшымды пікірлер айтылған екі жақты сұхбатқа ұласты. Өткен іс-шара шығыстану факультеті қытайтану кафедрасы мен Фудан университеті жанынан құрылған Ресей, Орталық Азия және ШЫҰ-ны зерттеу орталығының арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтерді және нығайта түсті.

Шығыстану факультеті