ҚазҰУ-да студенттік көрме-экспозициялар ұйымдастырылды
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Күнделікті өмірдегі діннің көрінісі», «Толеранттылықты қалыптастырудағы өнердің орны» атты студенттік көрме-экспозициялар ұйымдастырылды. Көрме-экспозициялар Философия және саясаттану факультеті, дінтану және мәдениеттану кафедрасының ұйымдастыруымен Бүкіләлемдік Толеранттылық күніне орайластырылған.
Көрменің басты мақсаты – барынша объективті тұрғыдан, күнделікті өмірдегі, әсіресе жастар арасында діни атрибутиканың формасы немесе мазмұны өзгертілген көріністерден хабардар ету арқылы сауаттылықты арттыру және толеранттылық негіздерін қалыптастыру болып табылады. Көрмедегі әрбір экспозиция жарияланған мәселе бойынша автордың өзіндік көзқарасын көрсетіп және оны шешу жолын ұсынады. Экспозициялардың ортақ мазмұндық бағдары қазіргі қоғамда толеранттылық негіздерін қалыптастыруға бағытталған.
Жалпы әртүрлі әлеуметтік маңызды тақырыпта 40-қа жуық экспозиция қойылған. Олар «Шығыс әлемі» (автор бұқаралық мәдениетке неоориенталистік, индобуддистік діни-философиялық элементтердің етене еніп, өз орнын тапқанын хабардар етеді), «Ислам құндылықтары» (мұсылмандық рухани құндылықтардың заманауи демократиялық қоғам басымдылықтарымен салыстырмалы талдау), «Тақиялар: маңыздысы пішін емес, мазмұн» (діни өмірдің ажырамас бөлігі саналатын бас киімдер, ұлттық тақиялар көрмесі), «Толеранттылық пазлын» жина» (толеранттылықты қалыптастыруға бағытталған интерактивті жоба), «Біз әртүрліміз, бірақ біргеміз» (музыкалық образдар арқылы толеранттылық идеясын жеткізу), «Ислам және спорт» (автор мұсылмандықтың әдетте байқаусыз қалатын спорттық белсенділікті дәріптеуге байланысты қырларын көрсетеді…), «Әйел заты...» (мұсылман қыздың сыртқы келбеті мен киім үлгісі әдетте өркениетаралық түсініспеушілікке алып келетін өз мәдени-ұлттық бастауларынан бейхабарның салдары...), және тағы басқа экспозициялар.
Философия және саясаттану факультеті