Кітап ісінің шеберлері журфакта дәріс оқиды

20 қараша, 2009

Қарашаның 12-і күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде журналистика факультетінің ұйымдастыруымен қазақстандық баспагерлер мен баспаханашылар және кітап таратушылар дөңгелек үстелде бас қосты.

Жиынға «Мектеп», «Білім», «Ана тілі», «Ол-Жас», «Алматы кітап», «Экономика», «Таймас», «Асаба», «Баян жүрек» секілді республикалық баспалар мен баспаханалардың және кітап тарату мекемелерінің басшылары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Шара болашақ баспагер-редакторларды, безеншілерді даярлау ісінде теория мен тәжірибені ұштастыру мәселелері тақырыбына арналды. Шараны ұйымдастырудағы басты мақсат болашақ кәсіби білікті баспагерлерді дайындауды жетілдіру, тәжірибелерін шыңдау және теориямен ұштастыру еді. Сондай-ақ, университет пен баспахана, кітап тарату мекемелерінің арасындағы байланысты нығайту, оқу үдерісіне кәсіби мамандардың жиі атсалысуына жол ашу, студенттердің кәсіби іске араласа жүріп мамандық бойынша машықтануын жандандыру. Аталған жұмыстар апта сайын өтетін «Баспа күні» атты шара аясында атқарылатын болады.

Оқытушылардың пікірінше, факультет Алматыдағы барлық баспалар туралы толық мағлұматтардың базасын құрып қана қоймай, студенттерге олардың жұмыс барысымен таныстыру керектігін айтты. Жас баспагерлердің қызығушылығын оятып, пәнге баулу үшін баспаханаларда тәжірибелік сағаттарды көбейтіп, кітап көрмелерін ұйымдастыру мәселелерін қолға алу керектігі айтылды. Баспахананың ақсақалдары шығармашылық пен өндірістік жұмыстарды қатар ұштастырып жүру керектігін сөз етті.

Факультеттің бірінші курс студенттері биылғы университеттің 75-жылдық мерейтойына арнап шығарған «Селтеткізер» кітабын жиналған қауымға таныстырып, баспахананың майталмандарын қуанышқа бөледі. «Бұл кітап университеттің болашақ баспагерлерді тәрбиелеп жатқандығының кепілі»,- деді бір ауыздан баспагерлер.

Сондай-ақ, алдағы уақытта оқытушылар мектеп табалдырығынан бастап баспа ісі саласына баулу үшін арнайы «Болашақ баспагер-редактор» байқауын өткізуді көздеп отыр.

Жиында көп ұсыныстар жасалды, соның бірі - жас мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіру мақсатында университет пен баспахана арасындағы екі жақты келісім-шартқа отыру мәселесі болды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі