ҚазҰУ студентінің алғашқы жыр-жинағы
«Сұңқар» студенттер кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен «Асыл кітап» баспасынан филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің 4 курс студенті, Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы - «Жас ақындар» үйірмесінің жетекшісі, жас ақын Марғұлан Ақанның «Көктоғайдан көшкен бұлт» атты алғашқы студенттік өлеңдер жинағы жарық көрді.
Жыр жинағының «Көктоғайдан көшкен бұлт» аталуының өзінде мән бар. Кітапқа арқау болған Тарбағатайдың күнгей бетіндегі Алтай аймағының көркем келбетті, ерекше сипатты Көктоғайы, ал көшкен бұлты ақынның өзін суреттесе керек. Кітап мұқабасында автор туған жеріндегі «Әмірсана» тауын майлы бояумен бейнелеген. Бір ерекшелігі автор кітабында кітап атауын жеке өлең тұрғысында жарияламаған, ортақ тақырып аясына негіздеген. Кітаптың сыртқы иллюстрациялық безендірілуі де кітап мазмұнын аңғартса керек. Туған жерге деген ыстық сағыныштан туған жыр кітап, тілге жеңіл, жүрекке жақын, студенттік шақта жазылған тұмса өлеңдерден құралған. Шағын ғана кітапта туған жерге деген сағынышты ұялатқан студенттік өмір, махаббат, сезім өрнектері, қоғам, жалпы лирикалық стиль байқалады. Автор жинақ шығаруды мектеп кезінен армандаған.
500 дана таралыммен шыққан жинақта ақынның 50-ге жуық өлеңі енгізіліп отыр. Кітапта жарияланған «Ей, Алматы!», «9-этаж немесе «Сезім балконы», «Мамық қарға махаббат», «Мен жайында білгің келсе» атты және басқа да өлең жырларынан студенттік өмірдегі кейбір ғажап сәттерді сөзсіз шынайы суреттей білген. Ал, «Бітіріп барамыз ба...?» атты өлеңі 4 курсты тәмамдағылы отырған жас ақын 4 курс студенттерінің шерін шертіп, ортаға салып бір тарқатып алғандай-ақ! Марғұланның өзі бізге берген сұхбатында: «Бірнші студенттік жыр-жинағым баспадан жарыққа шыққандағы қуанышымды ештеңемен жеткізе алмаймын. Шынын айту керек, бұл көңіл көкжигін көкке көтеріп тастайтын тамаша сәт. Және ең бастысы өлеңге деген зор жауапкершілік пен өлеңнің деңгейін түсірмеуге шақыратын ерекше сәтпен қауыштырғандай»,-деп ойымен бөлісті және қолдау көрсетіп, демеушілік жасаған «Сұңқар» студенттер кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің ұжымына және төрайымы Айдана Сыдықоваға алғысын жеткізді.
Баспасөз қызметі