ҚазҰУ-да студенттер қалалық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысымен кездесті

4 ақпан, 2015

ҚазҰУ-да Алматы қалалық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысының қатысуымен Елбасы Жолдауының талқылауы өтті.


Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Маркен Ахметов әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенттері мен профессор-оқытушылар құрамымен кездесті. Кездесу Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

М.Ахметов өз сөзінде бұл жолғы бағдарламаның негізігі бағыттарын айқындап, биылғы Жолдаудың еліміздің дамыған 30 елдің қатарына кірудің алғышарты екенін түсіндірді. «Елбасымыз өзінің Жолдауында болашақ білімді жастардың қолында екенін айтып, бағдарламада көрсетіліген мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыруда жастарға сенетінін айтты» – деді Маркен Кенжетайұлы. Кездесуде сонымен қатар студенттердің жұмыспен қамтылуы мен оларға мемлекет тарапынан көрсетілер көмектер жайында мәселелер көтерілді. М.Ахметов Басқарма тарапынан университет қабырғаларында «еріктілер» ұйымы құрылып, бітіруші түлектерді жұмыспен қамту мақсатында «1000 үздік студент» және «Менің алғашқы жұмыс орным» атты жобалар жүзеге асырылып, сонымен қатар студенттерге арналған «Мүмкіндіктер жәрмеңкесі» жыл сайын өткізіліп жатқандығын айтты.

Қара шаңырақ түлегі М.Ахметов әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың еліміздегі алдыңғы қатарлы ЖОО-ы екенін мақтаныш етіп, жоғары деңгейлі мамандарды даярлауда үздік нәтиже көрсетіп келе жатқандығын айтты. Студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға толықтай жауап берген М.Ахметов жастарға Елбасы Жолдауын жүзеге асыруда үміт артатынын білдірді. «Оқуды үздік аяқтап, өз істеріңнің маманы болып, Елбасы Жолдауларын жүзеге асыруға өз үлестеріңді қосыңдар» – деді Маркен Кенжетайұлы.

Баспасөз қызметі