Шығыстану факультетінің ұстаздары мен студенттері «Көңілді көктем мейрамы 2015» мерекесіне қатысты

9 ақпан, 2015

Ақпан айы ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті мұғалімдері мен студенттеріне ерекше мейраммен басталды. Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулдығының ұйымдастыруымен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Конфуций орталығы және шығыстану факультетінің қытайтану кафедрасының мұғалімдерінің белсене қатысуымен «Көңілді көктем мейрамы 2015» мерекесі өтті.


“Kuai le chun jie” мейрамы ҚХР Бас Консулдығы жыл сайын Шығыс Жаңа жылы қарсаңында өткізетін дәстүрлі мерекесі. Басты тақырыбы «Көңілді көктем мейрамы» болып табылатын бұл іс-шаралар қарсаңында Қазақстанға Қытай Халық Республикасының түкпір-түкпірінен өнер иелері келіп Қазақстанның үлкен мәдениет орталықтарында өз өнерлерін көрсетеді. Қазақстандықтарды дәстүрлі қытай мәдениетімен таныстырады. Биылғы «Көңілді көктем мейрамы» қарсаңында Алматыға ҚХР Хэнань провинциясының өнер қайраткерлері келді.

Мейрамды ашқан ҚХР-дың Алматыдағы жаңа тағайындалған Бас Консулы Чжан Вэй мырза бұл бағыттағы мәдени іс-шаралардың Қытай және Қазақстан арасындағы түрлі салалардағы қарым-қатынастарды ұлғайтуға септігін тигізетінін айтты.

Ал, ҚазҰУ-дың бірінші проректоры М.М.Бүркітбаев бұл мерекенің Қазақстан халқының дәстүрлі қытай мәдениетін тануына, қазақстандықтардың қытай тіліне және Қытай мәдениетіне қызығушылығын арттыруына үлкен себеп болатындығын атап өтті.

Мейрамға шығыстану факультетінің деканы Б.Н. Жұбатова, қытайтану кафедрасының меңгерушісі М.Нәбижан, қытайтану кафедрасының көптеген мұғалімдері мен студенттері белсене қатысты. Ал қытайтану кафедрасының доценті Дәулет Фатима бұл іс-шараға бас аудармашы ретінде атсалысты.