Үнді бишілер ҚазҰУ-ды өнерімен тәнті етті

26 қараша, 2009

Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті механика-математика факультетінің үлкен акт залында Қазақстан Республикасындағы үнді мәдениетінің фестивалі аясында Үндістанның бишілер тобы арнайы концерттік бағдарламасын өткізді. Әртістерді Қазақстан Республикасындағы Үндістанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Ашок Саджанхар бастап жүрді.

Қонақтарды күтіп алған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры З.А. Мансұров алғы сөзінде қонақтардың тамсандырған өнеріне тәнті екендігін және Қазақстан мен Үндістан арасындағы достық қарым-қатынастардың жалғасын тауып келе жатқандығына ризашылығын білдірді. Өз кезегінде Ашок Саджанхар мырза қарашаңырақта концерттік бағдарламаны өткізуге мүмкіндік бергені үшін университет басшылығына алғыс айтты. Сондай-ақ, осындай шаралардың арқасында орнатылған мәдени қарым-қатынастар екі жақтың достастығын нығайтатыныдығына сенімділік білдірді.

Концерттік бағдарламаны көрем деушілер актілік залында толы болды. Үнді әні мен биін тамашалауға халық көп келді. Ән мен биге құштар қазақ халқы шетелдік қонақтардың дайындаған бағдарламасына риза болып қайтты.

Университеттің студенттері мен оқытушылар құрамы Үндістанның мәдениеті және өнерімен жақынырақ танысқандығы үшін Үндістанның Мәдениет министрлігі, Қазақстан Республикасындағы Үндістан Елшілігі және Sangeet Natak Akademi (Үндістан) Ұлттық ән, би және драма Академиясына алғыс білдірді.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі