Еуразиялық банктің төрағасы отбасымен бірге студенттерге грант орындарын бөлді

26 қараша, 2009

«Еуразиялық банк» АҚ басқармасының төрағасы Майкл Эгглтон және оның жұбайы Ребекка экономика саласы бойынша үш жылға білім алу үшін қазақстандық ЖОО-ның бес студентіне грант орындарын бөлмекші.

Грант орындарына бөлінетін 15000 АҚШ долларымен қоса, Эгглтон әулеті қазақстандық жоғары оқу орындарының кітапханаларын компьютермен жабдықтайтын болады. Олардың қатарында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, КИМЭП, ҚБТУ, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ және Халықаралық бизнес академиясы бар.

- Дағдарыстың салдарынан жастардың көбі оқу ақысын төлеуде қиналып жүр, - дейді Эгглтон мырза. - Сондай-ақ, Қазақстанның болашағы негізінен еңбек нарығын ЖОО-ның талантты түлектерімен толтыруына байланысты. Көрсетіп отырған көмегіміз білікті студенттердің сапалы білім алуына мүмкіндік береді деп үміттенеміз.

- Мұндай көмек өмірде сирек кездеседі, - деді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Жұмағұлов. - Демеушілердің ішінде жеке тұлғалардан гөрі арнайы ұйымдар көбірек кездеседі. Эгглтон әулетінің бұл ықыласын біз кеңпейілділікке жатқызамыз.

Материал Баспасөз қызметінің «Экспресс К» газетіндегі жарияланған мақала бойынша дайындалды