ҚазҰУ-да ҚР Премьер-министрі орынбасарының қатысуымен ЖОО ректорларының мәжілісі өтті

20 ақпан, 2015

ҚазҰУ-да ҚР Премьер-министрінің орынбасары Б.М. Сапарбаевтың қатысуымен «Нұрлы жол. Қазақстан университеттері әлемдік білім беру кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолында» атты Алматы қаласы ЖОО-лары ректорларының аймақтық жиыны өтті.

Кездесуде білім беру сапасын арттыру мен ЖОО-лардың бәсекеге қабілеттілігі, еңбек рыногы сұраныстарын зерттеу, жүзеге асып жатқан мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес жоғары білікті мамандар даярлау сұрақтары қаралды.

Жиында ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов ЖОО-ның әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналу барысы, жүзеге асып жатқан инновациялық жобалар мен ұжым жетістіктері жайлы айтып берді.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Б.М. Сапарбаев өз сөзінде ҚазҰУ қызметіне жоғары баға берді. «Қазір университет қол жеткізіп отырған жетістіктер Қазақстанның басқа ЖОО-лары үшін үлгі болуы тиіс», – деп атап өтті ол.

ҚазҰУ-ға сапары барысында Б. Сапарбаев Ғылыми-технологиялық паркі, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы (СҚКО) мен «Әл-Фараби» кітапханасын аралап шықты.

Технопаркте ол жүзеге асып жатқан жобалармен және студенттік старт-ап компаниялардың қызметімен танысты. Мұнда ғылымды көп қажетсінетін өндіріспен белсенді айналысудың барлық мүмкіндіктері жасалған. Олар университет ғалымдары мен жас зерттеушілерінің ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастырымдық жұмыстарының нәтижесіне негізделген.

СҚКО-да оңтүстіккореялық әріптестер – Енсе университеті және «Кангнам Северанс» клиникасымен бірлесіп жасалған медициналық диагностикалық орталықтың мүмкіндіктері көрсетілді. Сонымен қатар орталықта ол студенттерге алғашқы курстан бастап бітіргенге дейін көмек көрсететін оқу-білім беру қызметінің бөлімдерімен, жастар орталығымен, жұмысқа орналастыру бойынша мансап және бизнес орталығымен; банк, нотариус, әуе және теміржол кассалары, туристік фирмалар т.б. қамтитын әлеуметтік-тұрмыстық секторы жұмысына қанықты.

Орталық Азияда теңдесі жоқ Ғылыми кітапханада ҚР Премьер-министрінің орынбасары «Әл-Фараби» мұражайының экспозицияларымен және ҚазҰУ ғалымдарының инновациялық жобалар көрмесімен танысып шықты.


ҚазҰУ Баспасөз қызметі