Бүкіләлемдік Ана тілі күні аясында дебат өткізілді
Дебат – адамның танымын арттыруда, білімін жетілдіруде және өзін бұқара алдында танытуда тиімді пікірсайыс құралы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР БҰҰ Ақпарат Бюросы мен Алматы қаласы ЮНЕСКО Кластерлік Бюросы қолдауымен Бүкіләлемдік ана тілі күні аясында дебат өтті.
Дебат университеттің халықаралық қатынастар және журналистика факультеттері студенттері арасында өтті. Пікірталас үш тілде өткенін де айта кеткен жөн. Дебат барысында студенттер ана тілінің білім берудегі орны туралы пікір алмасты.
«Тіл – байланыс құралы. Сөз нота секілді. Балалар кез-келген құралды қолдануды сәби кезінен қалай үйренсе, сөйлеуді де дәл солай үйренеді. Кім көп құралды қолдана білсе, оның алдында көп мүмкіндіктер тұрады. Адам сөйлегенде өзіне қажетті құрал мен нотаны пайдалана білсе, баршаның көңілінен шығатыны ақиқат. Сөз сүйектен өтеді дегендей, әрбір сөзімізді ойланып сөйлеуміз қажет», - деді журналистика факультетінің спикері Аяуылым Уткелбай.
Пікірталас барысында студенттердің ана тіліне деген ерекше құрметі мен дебатқа дайындығын БҰҰ өкілдері ерекше атап өтті. Дебаттың талаптары бойынша әрбір спикерге үш минут уақыт берілді. Ыждаһатты жастар пікірталас кезінде мүмкіндігі шектеулі жандар тақырыбында сөйлеп, оларға жылдам түрде көмек беру керектігін айтты.
Дебат ана тілінің мыңжылдықтар мақсатын орындаудағы маңызын тағы да дәлелдеді.
Баспасөз және электронды БАҚ
құралдары кафедрасы