Бейіндік мектеп түлектерінің соңғы қоңырау кешінде сөйлеген сөзі

1 маусым, 2023

ҚҰРМЕТТІ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫНА ДЕЙІНГІ БІЛІМ БЕРУ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ТЫҢДАУШЫЛАРЫ,

БЕЙІНДІК МЕКТЕП ТҮЛЕКТЕРІ,

АТА-АНАЛАР, ӘРІПТЕСТЕР!

Бүгін сіздер үшін ерекше күн.

Сіздер әлемдегі озық университеттердің бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің түлектері атанып отырсыздар.

Бүгінгі шараға белгілі ғалымдар, оқытушы-профессорларымыз қатысуда.

Түлектеріміздің ата-аналарын да салтанатты шараға арнайы шақырдық.

Жылдағыдай факультет ішінде емес, үлкен сарайда жиналып, лайықты атап өтуді дұрыс көрдік.

27 мамыр күні ҚазҰУ-дың әр жылғы түлектерінің басын қосып, 10 мың адам жиналған үлкен шара өткіздік.

Университет тарихында алғаш рет кең көлемде ұйымдастырылған «Соңғы қоңырау» салтанатына 70 мектеп бітіруші, 56 колледж бітіруші, 800 тыңдаушы қатысып отыр.

Дайындық курсын тыңдаушылардың арасында біздің қандастарымыз, шетелдік студенттер, колледж студенттері бар.

Өйткені жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде Қазақстанмен қатар, Иран, Моңғолия, Ауғанстан, Үндістан, Пәкістан, Жапония, Қытай, Түркия, Өзбекстан елдерінен келген балалар оқиды.

Алдағы уақытта сіздерді  ҚазҰУ студенттерінің қатарынан көргіміз келеді.

ҚазҰУ-дың жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті 2011 жылы ашылған.

Факультет 1985 жылы шетел азаматтарына арналған дайындық факультеті негізінде құрылған.

Бүгінге дейін факультетті АҚШ, Еуропа, Азия, Орталық Азия  елдерінен келген 7000-нан аса шетел азаматтары және 3000-нан аса Қазақстан азаматтары бітіріп шықты.

Қазіргі уақытта факультетте Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасы, Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасы, колледж, бейіндік мектеп жұмыс істейді.

Факультет білім беру саласында əлемнің 100-ден аса елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан.

Қазіргі таңда дайындық курсын бітірушілер ҚазҰУ-мен қатар, басқа да университеттерде білімін жетілдіруде.

Бейіндік мектебіміздің түлектері елімізбен қатар, шет мемлекеттерде жауапты қызметтер атқарып жүр.

Сіздердің араларыңыздан болашақ академиктер, инженер ғалымдар, биотехнологтер, білікті ІТ саласының мамандары шығатынына сенімдімін.

Бейіндік мектеп оқушылары арасында әдебиет пен өнерге құштар ақын, жазушы, музыкант, суретші, биші балалар да бар.

Сондай талантты жастардың бірі – бейіндік мектеп тыңдаушысы, Моңғолиядан келген биші қызымыз Ақгүл Хайрол.

Осындай дарынды жастарға біз әрдайым қолдау көрсетеміз.

 

ҚҰРМЕТТІ ТҮЛЕКТЕР!

Сіздер жаңа Қазақстанның іргетасын қалайтын болашақ  білікті мамансыздар.

Жарқын болашақ үшін жан аямай жан-жақты білім алыңыздар, еңбек етіңіздер!

Жаңа Қазақстан құру – жастардың қолында.

Мағжан Жұмабаев айтып кеткендей, «Біз жастарға сенеміз».

Жердің қорғаны, елдің мақтанышы болыңыздар!