Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлектеріне диплом табыстау рәсіміндегі сөзі

7 шілде, 2021

Құрметті оқытушы-профессорлар,

түлектер!

Қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағын бітірген жас мамандарымызға диплом табыстау рәсіміне қош келдіңіздер!

Қаладағы эпидемиялық жағдайға байланысты  диплом табыстау салтанатымыз онлайн жағдайда өтіп отыр.

Дегенмен биылғы бітіруші түлектер үшін екі маңызды оқиғаны атап өткім келеді.

Біріншісі – сіздер Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында университет бітіріп отырсыздар.

Екіншісі – көшбасшы университетіміздің жаңа үлгідегі алғашқы дипломын бірінші болып сіздер алғалы тұрсыздар.

Біздің университеттің дипломы әрқашан еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие.

Білім ордасынан биыл 6600 түлек түлеп ұшқалы отыр.

Оның 4798-і  күндізгі бөлімді бітірсе, 1611-і – магистрант.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім, ғылым туралы ой толғай келе:

«Халқымыздың дана ойшылы Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады.

«Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты.

Бұл тұжырымдар қазір де аса өзекті.

 Тіпті бұрынғыдан да зор маңызға ие болып отыр.

Себебі ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз.

Ал біздің міндетіміз – осы ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан орын алу», – деген болатын.

Сондықтан әлемдік Топ-200 үздік университеттердің қатарына енген оқу орнымыз әр жыл сайын биік белестерді бағындырып, интеллектуал жастар легін тәрбиелеп келеді.

Жақында QS жаһандық рейтингі бойынша университет 175-орынға шықты.

Дана халқымыз «Оқу – инемен құдық қазғандай» деп текке айтпаған.

Бәріңіз де ізденіс пен оқудың арқасында үлкен өмірге жолдама алып отырсыздар.

Алдағы уақытта заман талабына сай, бәсекеге қабілетті, білікті маман атанасыздар деп сенемін.

Тәуелсіз мемлекетіміздің игілігі жолында атқаратын кәсіби ізденістеріңіз бен зерделі еңбектеріңізге жемісті жетістіктер тілеймін.

Көшбасшы университетіміздің төл үлгісіндегі жаңа дипломдарыңыз құтты болсын!