Зейнеп Базарбаеваның мерейтойындағы сөзі

14 қазан, 2022

Құрметті конференцияға қатысушылар!

Құрметті Зейнеп Мүслімқызы!

Сізді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы және өз атымнан мерейлі 70 жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Мәскеу мемлекеттік шетел тілдері институтын үздік бітіріп, үлкен ғылым жолына түскен санаулы тұлғалардың бірісіз. 

Еңбек жолыңызды Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтынан бастап, қазақ  тілінің ұлттық калоритінің эстетикалық мәнін ғылыми тұрғыдан дәлелдедіңіз.

Ана тіліміздің қаймағы бұзылмауы үшін зерделі зерттеулер мен терең талдаулар жүргізіп, мазмұнды мақалалар жаздыңыз.

Қара шаңырақ ҚазҰУ-дың дамуына елеулі үлес қосып, білімді шәкірттер тәрбиеледіңіз.

Лингвистика саласындағы еңбектеріңіз ғылыми ортада мойындалып, жоғары бағасын алды.

Тіл білімі саласында ғылыми кадрларды дайындауда үлкен еңбек сіңіріп, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі деген зор ғылыми мәртебеге ие болдыңыз.

9 ғылым кандидаты, 2 PhD докторант дайындадыңыз.

Түркітілдес халықтардың тілі мен әдебиеттін терең зерттеп,  ғылыми ортада жаңашылдығыңызбен танылдыңыз.

Еуропа, Азия елдерінің беделді оқу орындары мен ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтіп, терең тәжірибеңізді жас ғалымдармен бөлістіңіз.

Бүгінгі мерейлі жасыңызда өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырған өнегелі ғалым, ардагер ұстаз ретінде зор құрметке бөленіп отырсыз.

Бүгін ұзақ жылдар бойғы зерделеген ғылыми зерттеу еңбектеріңіз жаңаша жарық көріп, тұсауы кесілуде.

Бұл кітаптар тілші-ғалымдарға, жас ізденушілерге студенттерге таптырмас оқу әдістемелік құралы боларына сенемін.

Сіздің ұстаздық ұстанымыңыз, еңбекқорлық қасиетіңіз – әріптестеріңізге мақтаныш, жас ұрпаққа үлгі-өнеге.

Мерейтойыңыз құтты болсын!