Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы «Qazaqstan» ұлтық арнасы оқу зертханасының ашылу салтанатынағы сөзі

25 қараша, 2021

Құрметті Аида Ғалымқызы!

Қадірлі қонақтар, құрметті ұстаздар, студент жастар!

Халқымыздың ардақты ұлдарының бірі, тележурналистиканың көрнекті өкілі Нұртілеу Иманғалиұлы атындағы «Qazaqstan» ұлттық арнасы оқу зертханасының  ашылу салтанатына қош келдіңіздер!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – өзіндік мектебі қалыптасқан, ұлттық журналистиканың ұстаханасы.

 Білім ордасындағы журналистика факультетінен елімізге белгілі қаншама майталман тұлғалар өсіп шықты.

Ұлылар іргесін қалаған бұл факультетті бітіру, елге танымал азамат болу – екінің бірінің маңдайына жазылмаған бақыт.

Нұртілеу Иманғалиұлы осы үлкен мектептен тәлім алған қайраткер түлегіміздің бірі де бірейгейі болды.

Қазақ телевизиясының «Жастар» редакциясында қатардағы тілші болып еңбек жолын бастаған Нұртілеу Иманғалиұлы терең білімімен, ізденімпаздығымен биік белестерді бағындырды.

«Хабар» агенттігінде, Үкімет кеңсесінде, Президент Әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарды.

Республикалық «Қазақстан» теле-радио корпорациясын басқарып, зейнетке шыққанға дейін басқарма төрағасының кеңесшісі болды.

Нұртілеу Иманғалиұлы саналы ғұмырының жарты ғасырын телевизияға арнады.

Экран арқылы халықтың сөзін жеткізіп,  ұлт зиялыларын елге танытып, өзі де ерен еңбегімен көпке танылды.

Нағыз журналист қайда жүрсе де, қолынан қаламы түспейтін жаңалықтың жаршысы, халық пен биліктің арасындағы алтын көпір.

Ел мен жер, мемлекет пен ұлт дегенде жан аямай еңбек еткен Нұртілеу Иманғалиұлының ғибратты ғұмыры соның нақты дәлелі.

Журналистика факультетінде дәріс алып жүрген болашақ журналистер осындай кәсіби білікті мамандардың шығармашылығын тереңдей зерттейтін күндер әлі алда.

Университетіміздегі «Qazaqstan» ұлттық арнасының оқу-зертханасы енді Нұртілеу Иманғалиұлынның ардақты есімімен аталатын болады.

Бұл зертханалық кабинет тележурналистикаға қанат қаққан шәкірттердің ұстаханасы болатынына кәміл сенеміз.