Д.Исабековтің 80 жылдық мерейтойындағы сөзі

17 қазан, 2022

Құрметті зиялы қауым!

Құрметті Дулат Исабекұлы!

Сізді өзіңіз білім алған қара шаңырақ – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұжымы және өз атымнан 80 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Біз сізді қазақ әдебиетін әлемге танытқан көрнекті драматург-жазушы ретінде мақтан тұтамыз.

Сіз бұл белеске қайталанбас қолтаңба қалыптастырған қаламгер, ұлтымыздың зиялы тұлғасы ретінде көтеріліп отырсыз.

Шығармаларыңызға ұлт тағдырын арқау етіп, терең мағыналы туындыларыңызбен оқырман жүрегінен орын алдыңыз.

Көрерменге ой салатын драмалық туындыларыңыз кино, театр салаларын жаңа мазмұнмен байытты.

Сіздің қаламыңыздан туған  «Қара шаңырақ», «Қарғын», «Әпке», «Гауһартас» кітаптарыңыз оқырман жүрегіне жетіп, жоғары бағасын алды.

Сіз кітаптары ең көп оқылатын, спектакльдеріне көрермен көп баратын драматургсіз.

Сіз ұлттық әдебиеттің көкжиегін кеңейтіп, қазақ театр өнерін жаңа деңгейге көтердіңіз.

«Исабеков әлемі» театр фестивалі әлемдік театр саласындағы  үлкен құбылыс.

Қазақстандық театрлармен қатар, сіздің шығармаларыңызды Азия мен Еуропаның беделді театрлары сахналауда.

Бұл сіздің шығармаларыңыздың тереңдігі мен өміршеңдігінің айқын дәлелі.

Сіздің туындыларыңыз арқылы халықаралық мәдени байланысты нығайту, қазақ драматургиясын насихаттау, жас таланттарға жол ашу идеясы жүйелі жалғаса береді деп сенеміз.

Халықаралық театр фестиваліне алыстағы Австралиядан, бауырлас Түркиядан,  Грузия елдерінен театр ұжымдарының келуі – бұл сіздің ғана емес, күллі қазақ театр өнерінің абыройы.

Сіздің 75 жылдық мерейтойыңыздың киелі оңтүстік жерінде жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, елдің ыстық ықыласына куә болып, батаңызды алғанбыз.

Бүгін 80 жылдық тойыңызға куә болып отырмыз.

Алдағы 90, 100 жылдық мерейтойыңызда да ел құрметіне бөлене беріңіз.

Әрдайым халықтың алғысына бөленіп, оқырман алдында мәртебеңіз арта берсін.

ҚазҰУ жанынан шығатын «Қазақ университеті» газетіне берген сұхбатыңызда «Біз үшін өзіміз білім алған, әдебиетке ден қойған қара шаңырақ – ҚазҰУ-дың жөні бөлек» деген екенсіз.

Мерейтойыңызға орай, біз де сізді қара шаңырақ – ҚазҰУ-ға шығармашылық кездесуге, білім алушы жастарға көшбасшылық дәріс оқуға арнайы шақырамыз.

Сіздің шығармашылық жолыңыз, қаламгерлік еңбегіңіз жастарға үлгі-өнеге.

Мерейлі жасыңызда  сізге мықты денсаулық, ұзақ өмір, отбасыңызға амандық, шығармашылығыңызға табыс тілеймін!

Мерейтойыңыз құтты болсын!