АЛТАЙ КӨЛГІНОВ ҚАЗҰУ ДӘРІЛІК ӨСІМДІКТЕРДІ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНДА БОЛДЫ

8 сәуір, 2023

ҚР премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне жұмыс сапары барысында Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығына барып, дәрілік препараттар әзірлейтін құрылғылармен танысты.

Орталық директоры Жанар Жеңіс орталықтың негізгі мақсаты Қазақстанда өсетін дәрілік өсімдіктерді зерттеу екенін айтып, атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.

Ғалымның айтуынша, бүгінде орталық соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Қазіргі таңда өндірісте тұмау мен бауыр ауруларынан сақтайтын және иммунитетті көтеретін, коронавирус инфекциясына қарсы биологиялық белсенді қоспалар дайындалады. Сонымен қатар қант диабетін төмендететін, қан қысымын реттейтін, асқазан-ішек жүйесінің жұмысын жақсартатын, иммунитетті көтеретін фитошайлар өндіріледі.

Орталық қызметімен танысқан Алтай Сейдірұлы ғалымдардың жұмысына сәттілік тілеп, осындай өндірістердің елімізде көп болуы маңызды екенін жеткізді.